«Барлық мәселені шешу үшін қаражат қажет»

481

Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаев халық алдында есеп беруін бастады. Бүгін аудан басшысының атқарған жұмысын Құрсай, Қазығұрт, Ақтас және Ақжар елдімекендерінің тұрғындары тыңдады. Бес жыл бойы осы ауданды басқарған әкімнің жұмысын «жақсы» деп бағалай отырып, орындалмаған істерін тізіп берді.

Құрсай елдімекенінің қала құрамына енгеніне биыл үшінші жыл. Осы аз уақыттың ішінде ауыл тұрғындарын қалаға жақындастыру үшін көптеген жұмыстар атқарылған. Дей тұрғанмен әлі де шешуді талап ететін мәселелер көп дейді кездесуге келгендер. Әсіресе «Ленин шамына» қол жеткізу қиындап кетіпті. Жарық жылпылдап жиі сөнетіні құрсайлықтардың ығырын шығарған.

Абай ауданы бойынша 75 пайыз тұрғындар орталықтандырылған трансформаторлардан жарық алады. 25 пайызы жекеге тәуелді екен. Сорақысы да сол, жеке трансформатор иелері ойына келгенді істеп, электр энергиясының құнын өсіріп жіберіпті. Аудан әкімінің айтуынша бұл мәселе ретімен шешімін тауып келеді. 2017 жылы 2230 тұтынушыға сапалы жарық беру үшін бюджетен 11 млн тенге қаражат бөлініп, ЖСҚ әзірленген.

Ахмет Татыбаев, Абай ауданының әкімі: «Бәрін бірден жасай алмаймыз. Рет-ретімен іске асыруға уәде береміз, сіздер қалаға кеше ғана қосылдыңыздар».

Есептік кездесуде Құрсай, Ақжар, Ақтас шағынаудандарының қалаға қатынасы қызу талқыланды. Әбден автобустан күйінген халық күрмеліп қалмады.

Нұралхан Көшеров, қала әкімінің орынбасары: «Жуырда қаламызға 30 жаңа автобус әкелдік және 70-і тағы әкелінеді. Жақын күнде бағытқа шығады».

Осылайша, халық алдында есеп берген аудан әкімі бірде-бір сауалды жауапсыз қалдырмады. Ауызша сұрақтардан бөлек жазбаша 9 өтініш білдірілді. Қарашаның коммуналдық қызметпен қарық қыламын деген әкім, уәдені үйіп төкпеді. Тек «барлығын жүз пайызға орындауға қаржы, қаражат керек» деп дөп басты. Лайықты бағасын алды.

Нұрлан Күдерұлы