2018 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру үшін республикалық бюджет есебінен 120,9 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бас сарапшысы Құрманғожина Сара Жаңабайқызы Tengrinews.kz редакциясы жолдаған сауалхатқа берген жауабында айтты.
«Бөлінген қаражаттың ішінде 9,9 миллиард теңге — ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша субсидиялар; 10,9 миллиард теңге — құрылыс салушылардың кредиттері бойынша субсидиялар; 24,0 миллиард теңге — Тұрғын үй құрылыс жинақ банкті бюджеттік кредиттеу; 25,0 миллиард теңге — әкімдіктерде кезекте тұрған адамдар үшін жалға берілетін (сатып алу мүмкіндігінсіз) тұрғын үй құрылысына; 31,1 миллиард теңге — тұрғын үй құрылысы салынатын аудандарда инженерлік инфрақұрылымды дамытуға; 20,0 миллиард теңге — Астана қаласы әкімдігінің уәкілетті ұйымының «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ алдында бұрын қабылдаған міндеттемелерін өтеуге берілетін нысаналы ағымдағы трансферт», — делінген сарапшының сауалға берген жауабында.
Сонымен қатар, маман тұрғын үйдің сатылуынан түскен 139,4 миллиард теңгенің бюджеттен тыс қаражат жұмсауға жоспарланғанын айтып өтті. «Оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты: 119,4 миллиард теңге — ЖАО облигацияларын сатып алуға және ЕДБ-ге негізделген депозиттері арқылы; 20,0 миллиард теңге — Астана қаласындағы проблемалық тұрғын үй объектілерін аяқтауды қаржыландыруға бағытталады»,- деп түсіндірді Сара Жаңабайқызы.