«ЦОН» табиғи газды заңсыз қосып алған

511

Ережені сақтамау естен тандыруы мүмкін. Газ шаруашылығының мамандары өз бетінше табиғи газға қосылу қауіпті екенін ескертеді. Айтуларынша, Шымкентте техникалық рұқсатсыз, құжатсыз газ жүйесіне қосылу фактілері жиілеп кеткен. Нәтижесінде қайғылы оқиғалар саны да күрт артқан. Жеке тұрғын үйлерден бөлек, заңды түрде тіркелген тұлғалар ғимараттарына ешқандай рұқсатсыз көгілдір отын жалғап алғандар анықталуда. Бұл жолы, рұқсатсыз газға қосылған мемлекеттік мекеменің құйтырғы әрекеті әшкере болды.

Көгілдір отынды рұқсатсыз қосқандардың қатарында халыққа қызмет көрсету орталығының сегізінші бөлімшесі бар. Сала мамандарының айтуынша ғимарат техникалық құжатсыз газ тұтынып келген. Сондай-ақ, дербес есеп-шотын ашпай жатып, газ жүйесіне заңсыз қосылған.

Дәулет Мұхитдинов, «ҚазтрансгазАймақ» АҚ ОҚӨФ өкілі: «Тұтынушы серіктестігі рұқсатсыз газ жүйесіне қосылған. Былтыр желтоқсанның 6-на акт түзілген болатын. Алайда онда көрсетілген кемшіліктер бүгінге дейін жойылмаған. Қаңтардың 3-не кезекті ұйғарым түскен. Оған да жауап жоқ. Біз халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратын газдан ажыратуға шешім қабылдадық. Өйткені олар заңсыз өз бетінше газды қосып алған».

Өз бетінше газ жүйесіне қосылу қауіпсіздік шараларын өрескел бұзған болып есептелінеді. Осындай фактілер орын алса жабдықтаушы «Газ және газбен қамтамасыз ету заңына» сәйкес нысанды газдан ажыратуға құқылы. Халыққа қызмет көрсету орталығындағылардың өз уәжі бар. Халық шоғырланған орталықтың ғимаратында қазіргі таңда газ жоқ. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары газға қосылу заң шеңберінде жүргізілу қажеттігін түсінді.
Қайрат Мырзатаев, халыққа қызмет көрсету орталығы №8 бөлімшесінің басшысы: «Тұтынушы ЖШС қазіргі таңда құжатты дайындап қол қойдыруда. Ол бітсе заңды жүйеге қосуға рұқсат аламыз . Біз өкіметтен газды ұрлап жатқан жоқпыз. Барлығы заң аясында болуын бізде білеміз. Қазір газдан біздің ғимарат ажыратылған».

Газ жабдықтары мен оны пайдаланудың заңдылығын тексере келгендерді тұтынушылар жақтырмайды, сол себепті болар көп жағдайда ғимаратқа кіргізбей жатады. Ал заңсыз әрекеттердің қайғылы оқиғаларға алып келетіні белгілі, оқыс жағдай соңғы кезде көптеп тіркелуде. Алайда, ескертулерге немқұрайлы қарайтындардың қарасы артқан.

Шынар Оразова