Еңбекші ауданының әкімі еламандықтарға есеп берді

447

Шымкенттегі Еңбекші ауданында 32 шағынаудан бар. Халық саны 300 мың. Мұнда коммуналдық мәселелер шаш етектен. Әсіресе қалаға кейіннен қосылғандарында өзекті. Салдарынан жұмыс еселеніп, жауапкершілік артқан. Аудан әкімі әр есебінде кезең-кезеңімен жасалатын тірліктерді тізіп береді. Орындалғанын айтып, жоспарын бөліседі. Биыл да сол дәстүр жалғасын тауып, алдымен Еламан елдімекенінің тұрғындары алдында есеп берді.

Қала құрамына Сайрам ауданынан енген елдімекендердің азаматтары Еңбекші ауданы әкімінің халық алдында есебіне арналған жиынында жасқанбай ел қатарлы өз талаптарын жеткізді. Мемлекет мұқтаждығына алынған жерлердің орнына қала аумағынан жер берілсін дейді ақсақал.

Есепті жиынға арнайы шақыртылған қала әкімдігіне қарасты бөлімдердің өкілдері тұрғындардың сұрақтарына дер кезінде жауап та беріп отырды.

Қуантатыны, азаматтардың белсенділігі жылдан жылға артуда. Билік пен халық арасындағы оң байланыс әсіресе Еңбекші ауданында байқалды. Тұрғындар жиындарға қатысып қордаланған мәселелерді жасырмай ашық айтуға көшкен.

Ауыз су, жарықтандыру, қоғамдық көлік, көше және жаяу жолдары, мектеп, бала бақша мәселелері кезеңімен шешілетінін әкім мырза кезекті рет тұрғындарға ескертті.

Бадам 2 елдімекенінің тұрғындары ауылда бой көтерген жаңа мектеп, қауіпті жол қиылысына орнатылған бағдаршам үшін алғыстарын жеткізді. Оңтүстік шағынауданының тұрғындары көше жолдары салынып, электр жарығымен қамту мәселесі қолға алынуы керек дейді.

Жиынға қатысқан депутаттар халықпен бірге аудан әкімінің жұмысына оң бағасын беріп «тендерлерге» қатысатын компаниялардың шамасын биліктегілер алдын ала анықтаса сақалды және сапасыз құрылыстар болмас па еді деген пікірлерін жеткізді.

Мақпал Рысбаева