«Елімізде футбол кафедралары жоқ»

370

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы облыстық футбол мектебінің директоры Ермек Дәрменов:

— Жаңа жылдан бастап жұмыс көбейді ме, әлде футбол маусымы аяқталып жұмыс азайды ма?
— Керісінше жаңа жыл басталғанда үлкен дайындықпен кірісеміз. Үлкен жоспарлар тұр. Қаңтардың үшінен бастап жаңа дайындық маусымы басталды.
— Өткен жыл сіздер үшін сәтті болды. Қандай үлкен жетістіктеріңізді мақтанып айта аласыздар?
— Негізі біздің жұмыстың бағасын беретін ресми жарыстар. Қазақстан чемпионаттары мен біріншіліктерінде қалай нәтиже көрсетсек соған қарап бағаланады. Оның үстіне былтырғы жылы үлкен мақтанышымыз еліміз тәуелсіздік алғалы 25 жылдан бері біз Азия лигасында бірінші рет халықаралық турнирге Оңтүстік Кореяға жарысқа бардық. Сол жарыста көптеген командалардың арасында яғни, Жапония, Сингапур, Малайзия командаларының арасында бірінші орын алдық. 2005 жылғы бүлдіршіндеріміз нағыз қазақ екендігін, қазақтың намысты екендігін, қазақ елінен барғанын дәлелдеді, патриоттық сезім қандай болатынын сонда көрдім.
— Шетелге жиі шығып тұрасыздар ма?
— Негізінде біздің мектебіміз УЕФА тарапымен, менің бұрынғы жұмысымен байланысты «пабратима» деген келісімшартымыз бар. Сол себептен біз Испанияға, Францияға барып жатырмыз. Біз УЕФА-ға кіргелі бері балаларымыздың деңгейі қандай, басқа Еуропа елдерімен біздің бүгінгі жасап жатқан жаттықтырушымыздың жұмысы сай келе ме, келмей ме соны тексеру. «На фоне» еуропалық балалардың арасынан біздің балаларымыздың спорттық жетілуі, футбол саласында қай бағытта жұмыс жасап жатқанымызды, қай жерде ақсап жатқанымызды байқаймыз. Жаттықтырушыларымыздың жұмысының сапасын сол кезде байқаймыз.
— Яғни, алға жасалып жатқан қадамдар бар ғой..
— Ия, бізде үлкен жоспарлар жасалып жатыр. Қадамдар бар. Бірінші жаттықтырушылар құрамының біліктілігін арттыру. Өкінішке қарай, елімізде жоғары оқу орындарында футбол кафедрасы мүлдем жоқ. Жалпы спорт кафедралары жоқ. 2005 жылы Алматы туризм және спорт академиясы жабылды. Содан бері жоқ. Сол себептен біліктіліктерін арттыру үшін Өзбекстанға, Еуропаға, Алматыдағы командаларында, Қазақстан Футбол федерациясының біліктілікті арттыру курстары бар. Сонда С категориясында шеберліктерін шыңдап жүр.