Жуырда Шымкент ҚІІБ Абай ПБ-не 55 жастағы тұрғын арызданған, онда кешкі уақытта үйінде болған кезінде белгісіз ер азамат кіріп, 20 мың теңгесі мен мың корей вонын алып кеткенін көрсеткен. Күдікті оқиға орнынан жасырынбақ болғанда, жергілікті тұрғындар ұстап алып полицияға тапсырған.
Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 191 «Тонау» бабымен СДТБТ-не тіркелген. Ұсталған азамат Өзбекстан Республикасының 1963 ж.т. тұрғыны болып шықты, алдын ұрлық жасағаны үшін сотты болған. Айғақты зат ретінде күдіктіден жәбірленушінің ақшасы тәркіленді. Тергеу барысында ұсталған күдіктінің Шымкент қаласы аумағында жасалған 18 жайт бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысы бар екендігі анықталған. Күдіктінің айтуынша, үйге кіріп тұрғындардың үйінде жоқтығын пайдаланып ақшасы мен алтын бұйымдарын және құрылыс заттарын алып кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 2 миллион теңгені құрап отыр.
Қазіргі таңда тонау және ұрлық баптарымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Шымкент қаласының тәртіп сақшылары пәтер ұрлықшыларының құрбаны болмау үшін, тұрғындарға сақтық шараларын таныту керектігін түсіндіреді: өзінің мүлкіне мұқият болу, пәтердің есік-терезесін ашық қалдырмау, үйдің терезелеріне қорғаныш торлар мен дабыл қондырғыларын орнату, ақша және бағалы заттарды сенімді жерге сақтап қою, сонымен қатар үйге бөгде адамдарды кіргізбеу.