Шымкентте полицейлер өзгенің мүлкіне қол сұққан қалта ұрыларын ұстады. Соңғы кезде қалта ұрлығы жиілеп кеткен. Тәжірбие нәтижесі көрсеткендей, қалта ұрлықтары қоғамдық көлікте, адамдар көп шоғырланған орындарда орын алады екен.
Мәселен, Абай аудандық ІІБ-не 35 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны арызданған. Қазан айында автобуста сөмкесінен миллион теңгеден астам ақшасын үптеп кеткен. Жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 1972 және 1986 жылы туған екі күдікті қолға түскен. Біреуі Ресей Федерациясының азаматшасы.
Тергеу нәтижесінде екеуінің тағы 20 қалта ұрлығына қатысы бар екендігі анықталған. Адамдардың аңғалдығын пайдаланып, ұрылар қалтадан ақша, ұялы телефон, бағалы заттарын қолды етіп отырған. Күдіктілер қамауда. Қазір аталған іс бойынша ҚР ҚПК 188 бабы бойынша қылмыстық іс тіркелген. ОҚО ІІД тұрғындарға сақ болуға шақырады.