Бүгін Шымкентте «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жаңаша форматта қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Осыған дейін шағымданушылар ұзын-сонар кезекке тұрып, өздерін толғандырған мәселелерін дөңгелек үстелде жеткізетін. Тиісті сала мамандары бұл жолы тұрғындарды жеке-жеке қабылдап, наразылықтарын тыңдады.
Жаңа форматта ұйымдастырылған қабылдауларда мамандар түрлі түйіткілдерге қанықты. Білім, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармаларының өкілдері осынау салаларға қатысты арыздана келген тұрғындарға жөн сілтеді.
Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде профессор болып қызмет ететін Бекман Ысқақ білім саласының өкілдеріне ұсынысын жеткізді. Ұстаз мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін бүлдіршіндердің ес пен зейінін қалыптастыруда өз тәсілдерін ұсынды. Оның пікірінше, орыс бөлімдерінде балалардың есте сақтау қабілеті мен тілін дамытуға аса мән беріледі. Ал қазақ топтарында бұл кенже қалып қойған.
Айта өтейік, партия филиалының қоғамдық қабылдауында былтыр 3 мыңнан аса тұрғынның мұң-мұқтажы тыңдалған. Ұйымдастырушылар соңғы кездері әлеуметтік көмек сұрай келген және баспанаға зәру тұрғындардың арыз-шағымы жиі қаралатын болды дейді. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына қатысты түйтікілдердің түйіні де қабылдау жиындарында тарқатылады.