«Қақаған қаңтардың суығында 4 баламен далада қалдық». Осылай деп арнамызға шағымданған көпбалалы ана үйін аукцион арқылы сатып алған жаңа қожайынның есігін ескертпестен бұзып кіріп, заттарын далаға тастағанын айтады. Тіпті облыстық сотқа апелляциялық шағым келтіріп, үйін қайтарып алуға үмітті. Несие алып, төлей алмай, тентіреп кеткен төрт баланың анасы сандалып жүр.
Бүлдіршін Саяның көз жасын сүртер, жүрегіне қуаныш сыйлар сая табылмай тұр. Өйткені бауырларымен тентіреп, анасымен пәтер жалдауға мәжбүр. Тұрмыстық таршылықтың кермек дәмін татуға баспана дауы басты себеп. Несие алып, ата-анасы төлей алмағандықтан үй аукцион арқылы сатылып кеткен. «Жаңа қожайындар әй-шәй жоқ, ескертусіз есігімді бұзып кіріп, көшеде қалдым», — дейді Саяның анасы.
Саяның анасы сот орындаушылар ескерту жасамады деп налып отыр. Ал үйдің жаңа қожайындары құжаттарының барлығы заңды екендігін алға тартады. Тіпті үйді сатып алғалы бес ай күтіп, уақыт бергендерін мәлімдеді.
Жер алып, қос қабат зәулім үй салып, құрылысты аяқтаймын деп банктен несие алған үй иесінің тіршілігі төлеу қабілетінің төмендегінен кері тартады. Тірлігі түрлене қоймағандар мен жаңа қожайындар арасында сот-құқықтық сандалу басталады. Абай аудандық және Әл Фараби аудандық соттарында осы мәселеге қатысты іс қаралып, шешім шығарылған. Шешімге қанағаттанбаған үйдің бірінші иесі облыстық сотқа апелляциялық шағым келтірген.
Үйдің бұрынғы иелерінің есігімді заңсыз бұзды деп шағымданған жаңа қожайындарының ісі заң шеңберінде қаралмақ
Жанар Есенбекова