ОҚО-да биыл 67 медициналық тіректің құрылысы жүргізілмек

358

Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы жылы 67 медициналық тіректің құрылысы жүргізілетін болады. Бұл туралы облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлім етті. Егер аталған жоба  іске асса,  облыстағы медициналық тіректердің қажеттілігі толық қамтамасыз етілмек.

Басқарма басшысының айтуынша, былтырғы жылы өңірде 33 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілген.  2018 жылы тағы да 9  медициналық, оның ішінде 6 емхана мен 1 ауылдық емхана және 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жоспарланған.  Бұдан бөлек, биыл  мемлекеттік – жекешелік әріптестік аясында Шымкент қаласында 3 емхана құрылысы бастау алмақ.


Мәжіліс барасында облыстық қаржы басқармасының басшысы Абдрахман Тасыбаев 2017 жылғы бюджеттің атқарылуын баяндады. Облыс бойынша 2017 жылдың қорытындысымен мемлекеттік бюджеттің кірістер жоспары 102,1 пайызға орындалған. Жоспардан тыс 6,5 млрд.теңге қосымша кіріс түскен. Оның ішінде республикалық бюджет 101,3 пайызға орындалып, 2,5 млрд.теңге артық түсім байқалған. Ал жергілікті бюджеттің кірістер жоспары 103,4 пайызға орындалып, түсім  4  млрд.теңгеге көбейген.
«2016 жылдың қорытындысымен салыстырғанда түсімдер 18,4 млрд.теңгеге өсіп отыр» , — деді облыстық қаржы басқармасының басшысы Абдрахман Тасыбаев.
Мәжілісте жекешелендіруді жүргізу барысы туралы  баяндаған Абдрахман Батырбекұлы  2017 жылы жекешелендіруге жататын 21 нысанның 10-ы  жалпы 557,63 млн.теңгеге сатылғанын жеткізді.  Жалпы былтыр облыстық коммуналдық меншіктегі мүлікті сатудан облыстық бюджетке 129,9 млн.теңге түскен.
Өз баяндамасында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Арман Сәбитов жоспарлы кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру немесе нақтылау барысында қолданыстағы бюджеттік заңнама талаптарын қатаң сақтауды ұсынды.
Жиынды қорытқан өңір басшысы бюджеттің атқарылуына баса назар аударып, жекешелендірудің кешенді жоспарын белгіленген мерзімде өткізуді, республикалық қаржылардың қысқаруына жол бермеуді және денсаулық сақтау жөніндегі перспективалық жоспарды «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасымен үйлестіре отырып іске асыруды тапсырды.
«Денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытуда мемлекеттік жекеменшік әріптестік тетіктерін барынша қолдану қажет. Осы ретте биыл атқарылатын  жұмыстарды жүйелеп, нақты іс-әрекет жоспарын бекітуді тапсырамын»,- деді Жансейіт Қансейітұлы.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі