Оңтүстік Қазақстан облысындағы барлық мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерде,  облыстық және аудан, қала әкімдіктерінде «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі – Жолдаудың басым бағыты» тақырыбында жаппай облыстық бірыңғай сағаты өтті.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен өткен мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының тоғызыншы бағытында айтылған жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі сөз болды.

ОҚО әкімі аппараты қызметкерлерінің қатысуымен өткен жиында аппарат басшысы Әуелхан Тұрғымбеков бас құжаттағы міндеттерді іске асыру сізбен біздің міндетіміз екенін айтты.

«Бүгінгі басқосудың басты мақсаты осы Жолдауда айтылған тоғызыншы бағытындағы жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі. Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері кез-келген мемлекет үшін өзекті проблемалардың бірі. Елімізде де жемқорлықпен күрес бағытындағы жұмыстар күшейіп, оның алдын-алу бойынша түсіндіру шаралары жүргізіліп келеді. Мәселен, мемлекеттік қызмет көрсету ісінде адами фактор мен сыбайластық әрекетті болдырмау мақсатында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды»,-деді аппарат басшысы.

Өз кезінде сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысы жергілікті атқарушы органдарының Әдеп жөніндегі уәкілі Әмірдин Әлішев Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне тоқталғаны кездейсоқ емес екенін айтып, жемқорлық аса қауіпті және адам санасын тез улайтын құбылыс екенін жеткізді.

«Қазақстан Республиксының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңында сыбайлас жемқорлыққа келесідей ұғым берілген: Мемлекеттік міндеттерді атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттілігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып не мүліктік пайда алу үшін олардың өз өкілеттіктерін өзгеше пайдалануы, жеке өзі немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игіліктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруі арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады», — Ә.Әлішев.
Бұдан бөлек, ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Елнұр Өтебаев халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің электронды түрде жүргізілуі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың бірі екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде өңір жұртшылығының басым көпшілігі көрсетілетін 192 мемлекеттік қызметті алу үшін электрондық үкімет порталына жүгінген.

Жиынды қорытындылаған Әуелхан Елтайұлы аппарат қызметкерлеріне Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру үшін құжаттағы бағыттарды жете меңгеріп, функционалдық міндетіне қарай орындауды тапсырды. Сонымен қоса әрбір мемлекеттік қызметкер әділдік пен шынайлықты, патриоттық сезім мен Отанға адал қызмет ету деген ұстанымды бірінші орынға қою керек деді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі