Облыс бойынша127 ауылдық кітапхана интернетке қосылған. Тағы 300-і ғаламторға қосылуды талап етеді. ОҚО-да Сайрам ауданында ғана кітапханалар интернетке толық қосылған. Компьютерлендіру де кітапханашылар үшін күн тəртібінен түспеген мəселе. Осы және басқа да кітапхана мәселелері облыс кітапханашыларының аймақтық семинарында айтылды.
Жаңа кітаптармен қамтамасыз ету 1-2 пайызды құрайды. Бұл да төмен көрсеткіш. Одан бөлек кітапхана саласындағы жетістіктер де жиында сөз болды. Былтыр облыс кітапханаларында 18 мың іс-шара өткізілген. Дені Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаланы насихаттау тақырыбын қамтыпты.
«Оқырмандардың саны жоспарға сай. Мың адамға шаққанда 219 адам. ОҚО-да 3 млн -ға жуық халық бар. Кітапхана жетіспейді. Бұл мәселе толық шешілмей отыр. Өйткені жаңа ғимараттар салынуы қажет. Бес кітапхана облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Материалдық техникалық базасы да, кітап қоры да жаңартылып отырады. Әр кітапхана жыл сайын орташа есеппен 3-4 млн теңгеге қаржыландырылады. Ал аудандық кітапханалар жергілікті бюджетке қарайды. Орта есеппен 1 млн теңгеге қаржыландырылады. Кей ауылдық кітапханалар қаржыландырылмайды да. Ғаламторға қосылу мәселесі — заман талабы. Жыл сайын нақты ұсыныстарымызды беріп отырамыз. Жыл сайын 3-4 кітапхана қосылады»-дейді облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Асылхан Темірхан.
Айта кетейік, ОҚО мәдениет басқармасының ұсынысымен аудандарда 25 модельді кітапхана жұмыс істейді. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында семинар барысында әр ауданнан бір модельдік кітапхана ашу мәселесін мақсат етіп қойды.
Оңтүстіктің кітапханаларын жаңа кітап қорымен толықтыру мақсатында былтыр 148 мыңнан кітап алынған. Басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс арқылы алынған. Қалғаны жергілікті бюджет есебінен толықтырылады. Жыл сайынғы кітап қорын жаңарту 1-2 пайыз. Бұл төмен көрсеткіш дейді жауаптылар.