Үкіметтік емес ұйым өкілдері адам өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу кезінде күдікті мен куәгерге қысым жасалып отырғанын айтады. Моральдық та, күш көрсетіп те қысым жасап полицейлер туысына жасамаған қылмысты зорлықпен мойындатты деп шырылдаған Дінмұхамед Асанов БАҚ өкіллдеріне болған жайды айтып берді.
Бұрын сотты болған Руслан Самотовинді сот кінәлі деп тауып 12 жылға бас бостандығынан айырған. Сотталушының қоғамдық қорғаушысы кісі өлтірдім деп мойындату үшін құзырлылардың күш қолданғанын айтады. Айтуынша, қысымға шыдай алмаған сотталушы кісі қанын мойнына жүктеді.
Дінмұхамед Асанов: «Полицей қалың қойын дәптермен басынан қайта қайта ұрған. Жүрегі айнып, көзі қарауытқанша ұрған. Жұдырықпен бетінен сабаған. Мойындау туралы түсінік беруге мәжбүрлеген. Куәлер де бар. Шашынан тартып, кабинет ішінде сүйреген. Басына целофан қап кигізіп, есінен танғанша тұншықтырмақ болған. Өз өміріне қауіп төнгенін білген Русланның мойындамасқа шарасы қалмады».
Басты куәгерді де жалған куәгерлік етуге күштеген деп мәлімдеді жиналғандар. Куәгер Перминова бірнеше рет мәлімдемесін өзгерткен. Өзі айтқандай бұлай етуге шарасыздықтан барыпты.
Олеся Перминова: «Иығымнан ұрып, тұншықтырмақ болды. Ұстап қалар қояншық ауруым бар деп жалындым. Сөзіме пысқырып та қарамады. Айқай, сөзбен қорлау… Адам емес, итпен алысқандай болды».
Сот үкімі заңды күшіне енген. Қорғаушы енді сол үкіміне кассациялық тәртіпте шағым келтірмек. «Полицейлерге қатысты тергеу басталмай тоқтамаймыз», — деп бекініп отыр қоғамдық қорғаушы мен сотталған кісінің туыстары.