Әл Фараби ауданының әкімі бүгін «Сәуле» шағынауданында тұрғындармен кездесіп жылдық есебін берді. Кездесуге осы ауданның 6 елді мекенінің тұрғындары қатысты. 5 жыл бойы ауданды басқарған Бауыржан Қалжановтың жұмысы оң бағаланды. Халық әкімнің еткен еңбегін елеген дұрыс дейді.
Аудан әкімі 20 минуттың ішінде жыл көлемінде атқарылған жұмыстарын баяндады. Жасыратындығы жоқ, барлық сала қамтыған баяндама көпшіліктің көңілінен шықты. Жарыс сөзге шыққандар «Сәуле» шағынауданының өсіп өркендегенін мақтаныш етті. Соңғы жылдары мұнда екі бірдей мектеп, бала бақша салыныпты, аурухана мәселесі де шешімін тапқан. Көшелері тегістеліп, асфальт төселгені көпшіліктің көңілінен шығыпты.
Бұл кездесуде де қоғамдық көлік мәселесі көтерілді. Қоғамдық көлік Шымкенттегі шешімі табылмайтын ең үлкен проблеманың бірі екені бәріне белгілі. Дей тұрсада «Сәуле» шағын ауданының тұрғындары осы көлік саласының жұмысына минус бір деген баға берді. Реніштерін жасырмады.
Жарқын Байдуллаев, бөлім басшысының орынбасары: «Мен сіздердің берген бағаларыңызбен келісемін. Кемшіліктер жоқ емес бар, бірақ ол біз жұмыс істемей жатыр деген сөз емес. Жұмыс жасап жатырмыз, көліктердің бәрі жеке меншік».
Аудан әкімі жазбаша және ауызша қойылған осы мәтіндегі 30-ға тарта сауалға нақты жауап берді. Әсіресе сәулелік тұрғындардың демалыс саябағын салу ойын аудан әкімі құптайтынын білдірді. Тіпті жер мәселесін қарастырып жатқанын да жеткізді. Әкім бірнеше жер телімін көргенін, орталықтан тапсақ деген ойы бар екендігін, әзірге саябаққа лайықты орын болмай тұрғандығын жеткізді.
Жиынның соңында ауыл ақсақалдары өздетрнің бірнеше ұсыныстарын ортаға салды. Ауыл билері көше төрағалары және белсенділермен бірлесе жұмыс жасауға келісіп тарқасты.
Нұрлан Күдерұлы