Сайрамда туберкулезге қарсы диспансерде өрт шықты. Қызыл жалынның салдарынан, 37 науқас оқшауланды. Өрт кезінде бірнеше палатадағы керуеттер мен көрпе төсектер жанып кеткен. Оқыс оқиға кезінде мұндағы мамандар науқастарды қауіпсіз жерге көшіріп үлгеріпті.
Бейресми мәліметтер бойынша, медициналық мекемеде ем қабылдап жатқан науқастардың бірі темекінің шоғын өшірмей, палатаға тастапты. Салдарынан, темекінің қызыл шоғы өртке ұласқан. Бірақ бұл ақпаратты салаға жауаптылар растамады. Алдағы тексеру жұмыстары өрттің нақты себебін анықтап бермек.
«05.01.2018 ж. сағат 09:37-де Сайрам ауданы, Ақсукент ауылы, Қарабұлақ тас жолы н/з мекен-жайда орналасқан, 2-қабатты «Облыстық туберкулезге қарсы диспансер» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Ақсу бөлімшесінің 1-қабатында өрт оқиғасы орын алған. Өрттің көлемі 16 ш.м. құраған. Өрт сағат 09:57-де ықшамдалып сағат 10-08-де толық сөндірілген. Қауіпсіз жерге 37 адам көшірілді. Зардап шеккендер жоқ.» -ОҚО ТЖД баспасөз қызметі.