Шұжық өнімдерінің 13%-нан доңыз ДНК-сы анықталды

1314

Бүгінде көпшілік дұрыс тамақтануды үйреніп келеді. Жаппай шұжық өнімдерінен бас тартпаса да кеңес кезінде жеңсік ас болған өнімді тұтынушылар әлі де баршылық. Дегенмен аракідік қонаққа бара қалғанда шұжықты көп адам жемейтінін байқауға болады.

Оның орнына үйде пісірілген тағамдардан тартынбайды. Бұрындары арам өлген малды «шұжық цехтарына өткіздік» дейтіндерді де естігенбіз. Оның үстіне бүгінде шұжық өндіретін орындар көп. Онда қалай жасалатыны, тұтынушыларды қалай алдап соғатындары туралы бейнетүсірілімдер қаптап кетті. Сондықтан да аталған өнімге тәбеті тартатындар азайғаны рас.

Күні кеше ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Нұрхан Сәдуақасов жаға ұстатарлық жағдаятты жайып салды. Басшының айтуынша шұжық өнімдерінің 13 пайызынан доңыздың ДНК-сы табылыпты. Азық түліктердің 45 пайызының таңбалау талаптарын бұзғандары көп.

Өнімнің ішінде доңыз ДНК-сы,гендік модификацияланған организмдері, соя бар екенін жазбай жасырып қалатындар көп көрінеді. Тұтынушыны алдау фактілері осылайша 13 пайызды құрап отыр. Сондықтан да өнімдердің таңба белгілерінде көрсетілген анықтамалыққа сене беруге болмайды, әрине.