Шардара ауданында заманауи талапқа сай жаңартылған аймақтық кітапхана ашылды. «Кітапсүйер ұлт» республикалық қозғалысы бастамасымен ашылған жаңа нысанда тек кітап оқумен айналысып қана қоймай, бос уақытын да тиімді пайдалана алады. Ұйымдастырушылар оқырмандарға жаңа басылымдар ұсынып, ауылдық елдімекендердегі кітап жетіспеушілігінің орнын толтырамыз дейді.
Бұл оқырмандар үшін ерекше күн болды. Ауылдықтардың қолы жетпей жүрген жаңа басылымдар енді сөреде тұр. Мұнда классикалық және заманауи әдебиеттермен қоса іскерлік сипаттағы басылымдар да бар. Аудандық кітапхана жанынан ашылған шағын нысанға 500-ден аса түрлі тақырыптағы басылымдар әкелді. Коворокинг орталығы бар кітапханада келушілердің бос уақытын тиімді өтуі үшін бар жағдай жасалған дейді бастамашылар.
Алтыншы сынып оқушысы Әбілмансұр Ахметов болашақта заңгер болғысы келеді. Білікті маман болу үшін ол көп оқу керектігін жақсы біледі. Қаршадайынан әдебиет әлемімен дос жас өрен жаңа кітаптарды шолып шығып, таңдауын жасады.
Кей дереккөздерге қарағанда қазақстандықтардың 17 пайызы кітап оқуда белсенді. Алайда, оқырмандардың жаңа басылымдарға қолы жетпейді. Саладағылар әсіресе ауылдық кітапханаларда бүгінгі оқырманның сұранысына ие дүниелердің жетіспеушілігін алға тартады. «Кітапсүйер ұлт» республикалық қозғалысы осынау олқылықтың орнын толтырып, кітап оқуды қайтадан үрдіске айналдыру үшін барын салуда.