Шымкент қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің ұйымдастырумен мұғалімдерге арналған электрондық түрде қызмет алу дағдыларына үйрету бойынша практикалық семинар өтті. Шараға халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары мен Шымкент қалалық білім бөлімі басшылары және шаһардағы 130 мектептің директорлары қатысты.
Мастер-класс форматында ұйымдастырылған басқосудың мақсаты — мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының жай-жапсарын түсіндіру. Арнайы оқудан өткен мектеп басшылары информатика пәні мұғалімдері арқылы өз ұжымдарын түгел электрондық порталда қызмет алуға баулуға мүмкіндік алмақ.
Семинарда сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Ə.Көмекбаев электронды қызметті қолданудың адам өміріндегі пайдалы тұстарына тоқталды.
«Бүгінгі семинардың ұстаздар қауымы үшін берері көп деп ойлаймын. Мұғалімдер осындай шаралар арқылы электрондық порталда жұмыс жасау бойынша жоғары сынып оқушыларының және олардың отбасы мүшелерінің цифрлық сауаттарын ашуға мұрындық болады. Жуырда ғана облыстың 8 мыңнан астам мемлекеттік қызметшілері үйден шықпай-ақ, электронды порталда мемлекеттік қызмет алуға қол жеткізді. Енді осы эстафетаны біз ұстаздар қауымына ұсынып отырмыз», — деді Әли Амантайұлы.
Семинардың маңыздылығына тоқталған Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тəжиева электронды қызмет көрсетуге байланысты алда атқарылар жұмыстарды баяндап, ұстаздарды жаңа жүйеде жұмыс істеуге шақырды. Семинар соңында қатысушыларға «Оңай әрі жылдам қызмет ал» тақырыбында жасақталған брошюролар таратылды.