Шымкентте терроризмді насихаттаған тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Қаратау аудандық соты Д.Я атты айыпталушыны жариялы түрде терроризм мазмұнындағы материалдарды таратқаны үшін кінәлі деп тауып, алты жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды inform.kz
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, айыпталушы «Whats App» әлеуметтік желісіндегі «Муслим Ва Муслималар» атты топқа мүше болып, заң жүзінде тыйым салынған материалдарды таратқан. «Ал-Ихван аль-Муслимун» халықаралық террористік ұйымының көзқарастарына жататын терроризмді насихаттау және терроризм белгілері бар материалдарды бірнеше рет желіге жүктеген.
Тергеу барысында айыпталушының қылмысы толығымен дәлелін тауып, оның жасаған қылмысының қоғамға қауіптілігі мен сипаты ескерілген. Д.Я-ның үстінен Қылмыстық кодекстің 256 бабы, 2 бөлігі «Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру» бойынша іс қозғалып, сотталды. Жазасын қылмыстық — атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады.