Шымкенттік өнертапқыш баламасы жоқ биологиялық батарея ойлап тапты

633

Жарыққа кететін шығынды он есеге азайтуға болады. Шымкенттік өнерлі өрен Ілияс Мұрат күріштің қауызын ыдырату арқылы энергия көздерін алуға болатынын дәлелдеп, биологиялық батареялар ойлап тапты. Оның айтуынша, бір батареяны орнату — электр энергиясын 49 жыл бойы тегін пайдаланумен пара-пар. Бағасы қолжетімді. Демек, қалдықтың көмегімен жасалған тың туындының экологияға да, экономикаға да пайдасы зор.

Ілияс Мұрат небәрі 20 жаста. Оның ойлап тапқан туындысы — «Биологиялық батареялар» деп аталады. Ол қарапайым күріштің қауызына таза биологиялық бактерияларды қосуды ғана қажет етеді. Осы кезде ыдырау процессі жүріп, электр энергиясы пайда болады. Демек ешқандай шығынсыз қуат алуға болады.

Ілияс Мұрат – өнертапқыш: «Біздің жасап шығарған биологиялық батареялар біріншіден, қаражат өте аз жұмсалып, өзін өзі ақтау мерзімі қысқа уақытты қамтиды. Біз күріштің қауызын ыдырату кезінде химиялық энергияны тікелей электр энергиясына ауыстырдық. Осылайша ұзақ мерзімге шыдайтын аккумуляторлар ойлап шығардық».

Биологиялық батареялардан шыққан қалдықтар экологияға да залалсыз, тіпті қолданыстан соң тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады. Ал басты артықшылығы – ұзақ мерзімге жарамдылығында. Бір батареяны орнату — электр энергиясын 49 жыл бойы тегін пайдаланумен пара-пар дейді өнертапқыш.

Үнемшіл туындының авторы, негізінде Ілиястың әкесі, бірақ ол жобаның тек теориясын жазған. 2015 жылдан бастап баласы әкесінің бастаған ісін тәжірибеге енгізіп, нәтижесін көреді. Тіпті жуырда ғана кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өткен байқауда топ жарып, грант иегері атанды.

Мадина Тұрсынбекова, ОҚО кәсіпкерлер палатасының бас маманы: «Біздің жобаның жеңімпазына қойылған басты талап — инновациялық жоба ұсыну керек болды. Ілиястың жұмысы ноухау деп жоғары бағаланып, бір миллион теңге ұтып алды. Қазір құжаттарды рәсімдеу жүріп жатыр. Содан соң әрі қарай қолдау көрсетеміз».

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің 4-ші курс студенті бұған дейін де басқа жобада 1 млн теңге ұтып алған. Ол бұл сомаға Абай саябағында 20 бағанаға биологиялық батареялардың қуатына шақталған светодиодттық шамдар орнатып қойған. Оның өзі жарыққа кететін шығынды екі жарым есеге азайтып отыр.

Ал биологиялық батареялардың өзі орнатылған кезде 6 вольттық қуат беретін құрылғы жарықтандыруға кететін шығынды 10 есеге азайтады. Ілиястың батареяларын 10 мың теңгеге сатып алуға болады.

Ілияс Мұрат: «Біздің батареяларды орналастыруға 60 млн теңгедей инвестиция керек. Егер инвесторлар табылып, қолдау көрсетсе, біз батареяларды зерттеуді жалғастырып, тек Қазақстан емес, әлемдік рынокқа шығарғымыз келеді. Айта кететіні, біздің жобаға АҚШ-тан мамандар қызығып отыр, мамыр айында біз жұмысымызды таныстыруға шетелге аттанғалы отырмыз. Десе де, осындай пайдалы дүниені өз еліміздің азаматтары қолдаса, Елбасымыз айтқан «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамыған Қазақстан» болуға бір адым жақындар едік».

Өнертапқыш қолдау болса, саябақты жарты жылда биологиялық батерялармен жарықтандырамыз деген жоспары бар. Сондай-ақ, Ілияс және оның тобы батареялардың пайдалы әсер коэфициентін көтеруді жоспарлап отыр. Сол арқылы ноутбук және ұялы телефондарды арзан әрі кез-келген жерде қуаттауға болатын мүмкіндік туғызбақ.

Айта кетейік, Елімізде жылына 280 000 тонна күріш өндірілсе, оның 60 000 тонна күріш шаруашылығының қалдығы болып есептеледі. Оған қоса күріштің қауызы өте ұзақ уақыт бойы шірімейтіндіктен оны көптеген жерлерде жағады, салдарынан экологияға үлкен зардап тигізеді. Сондай-ақ, күріш қауызын жағатын полигондарға жақын орналасқан елді-мекен тұрғындарының басым бөлігі өкпе ауруларына шалдығып жататыны да бар. Ал биологиялық бактериялар қалдықты тиімді пайдаланудың тетігі болатыны рас.

Әлія Әділбек