Тұтынылған табиғи газ үшін «ғарыштық бағамен» төлеу керек

695

Газ құбырын пайдалануда олқылық азаймай тұрғанымен, сол көгілдір отынды тасымалдап, берушілер оның ақысын алуда, тіпті, белсенді. Жаңа жылдан тұтынылған газ үшін түбіртек алған шымкенттіктердің коммуналшыларға өкпесі қара қазандай. Баршаға бірдей талап қойып, электронды есептегіш құралын қойғалы бері, тұрғындар үшін түсініксіз тұстар көбейіп кетті. Ауа райы қарасып, газды үнемдедік деп қуанғанымен, түбіртекте бәрі керісінше — көрсеткіштер күннен-күнге артып барады. Газ мамандары болса, зертханаға келіңіздер деп, әр деректі жеке дара қарастырмақ.


Шымкенттегі Мәделі қожа көшесінің тұрғындары тұтынылған газ түбіртегін көріп, төбесінен жай түскендей күй кешті. Бірден арнамызға хабарласқан Руслан Тәжиев желтоқсан айында табиғи газ үшін әр отбасы 30-40 мыңнан төлеуге мәжбүрміз деп ашынуда. Тұрғындар бір қыс маусымында газды 500 текше метрден артық жақпайды. Ал бұл жолы әр айға 1000 текше метрден кем түспейтін түбіртек алып отыр. Бұрын жәй есептегіш құралы орнатылғанда мұндай болмайтын, дейді әбігерге түскен Малика Құрбанова.

Малика Құрбанова, қала тұрғыны: «Қараша айында 9 мың теңге төлесек, енді міне 33 мың  теңге келіпті. Не деген сұмдық? Күндіз жылытып алып, түнде өшіреміз. Не күндіз өшіріп, жәй ғана түнде қосамыз, бұлай ешуақытта болмайтын».

Коммуналдық төлемдер бойынша қызмет көрсететін орталықтағылар тұтынған газ тек абоненттің есептегіш құрылғысы бойынша есептелінеді. Барлық мәлімет электронды есептегіш құрылғысынан тікелей орталық жүйеге түседі, деп түсіндіруге тырысты.

«Осыдан төрт жыл бұрын модернизация кезінде электронды есептегіш құрылғысын орнатқанбыз… Ол спутник арқылы…. Егерде күмән келтірсе, қалада зертханалар бар, есептегіш құралыңызды тексеріп береді», -дейді Шымкент қаласындағы есептегіш кассалық бөлімінің өкілі.

Маманның айтып отырған зертханаларының бірі «Қазтрансгаз» аймақтың өңірлік филиалының аумағында орналасқан. Егер абонент газ берушілермен келісімшарт түзген болса, мұнда есептегіш құралын тегін тексеріп береді.

Яғни, газшылармен келісімшартыңыз болмаса, онда есептегіш құралын ақысын төлеп, тексертесіз. Әрбір абонент өзінің қалауы бойынша қызмет көрсететін мекемені таңдай алады. Ең бастысы, түбіртекте көрсетілген үйдің, не пәтердің көлемі, есептегіш құралдың кімнің атына жазылғанын анықтап алған жөн. Газдың 1000 текше метріне белгіленген тариф- 34 475 теңге 20 тиын. Тарифке өзгеріс 2017 жылдың қаңтарында енгізілген болатын.

Бейресми ақпарат көздерінен белгілі болғанындай, артық төлемдердің басты себебі — коммуналдық төлемдерді есептеу орталығындағы бағдарламада ақау орын алған. Егер де тұтынған табиғи газға қатысты көрсеткіштерге күмәніңіз болса, онда Темірлан тас жолы бойында орналасқан «Шымкент-РЦКУ» ЖШС басшылығына баруыңызға болады. Ол жерде де мәселеңіз шешілмесе, прокуратураға, не «НұрОтан» партиясының облыстық филиалында орналасқан «Құқықтық қызмет көрсету орталығына» шағымданыңыз. Құқыңызды пайдалануға толық мүмкіндігіңіз бар.

Шынар Оразова