Түркістан қаласының іргесінде Қарнақ деген ауыл бар. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі атақты «Тайқазан» осы ауылда құйылған. Қарнақтың тағы бір ерекшелігі, мұнда елдің айтуы бойынша 1300 жылдан бері өсіп тұрған тұт ағашы бар. Оның қалыңдығы он адам құшақ жайса да қол жетпейді.
Осындағы ескі көз ағайындардың сөзіне қарағанда, бұл тұт ағашын мұсылмандықты уағыздаушы діндар Имам Бақли еккен көрінеді. Енді бірі Пайғам барымыздың әскер сардары қадаған шыбықтан өнген деседі. Қарнақ ауылының тұрғындары бұл тұт ағашын өте қатты мақтан етеді. Ауылдың символына айналғанын айтады.
Бүгінде ортасын шірік кеулеп бой-бой жарылып жатса да жан-жағындағы бұталар жыл сайын бүршік жарады. Талай ғасырды артта қалдырған көнекөз ағаштың жапырағын жұлған адамдар өте жайсыз түс көріп, қиыншылықтарға ұшырайды екен. Сондықтан да тұрғындар мен саяхатшылар бұған зиярат етіп келеді.
Әсіресе, айықпас дертке шалдыққандар көптеп келеді екен. Өйткені тұт ағашы тыныштандыратын қасиетке ие. Сондай-ақ, тұмау, қант диабеті, көз аурулары кезінде өте пайдалы және сауықтырғыш қасиетке ие. Жемісінен сусын, шырын алуға болады. Бойына барлық қасиетті сіңірген деседі.