Тарихшы Өмір Шыныбекұлының кітабы жарық көрді

836

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алдағы күзден бастап, мектептерде «Өлкетану» пәні оқытылатын болады. Оңтүстік Қазақстан облысында құрылған шығармашыл топ қажетті оқулықты дайындап та қойды. Авторлардың бірі, танымал тарихшы — Өмір Шыныбекұлының туған өңір туралы жазған кітабы да жарық көрді, — деп хабарлайды 24.kz.

«Қарашаңырақ — Қарасора, құтты мекен — Сайрамсу» атты туынды енді аудандағы мектептерде «Өлкетану» пәніне қосымша әдебиет ретінде оқытылатын болады. Алатаудың бөктерінен басталатын үш өзен – Сайрамсу, Қасқасу мен Қарасора —  Кеңесарық ауылының етегінде тоғысады. Осы жердің керемет табиғаты мен киесі шығар —  кезінде Бүкілодақтық суретшілер одағына мүше болған 18 талантты өсірген.

Бұл маңнан 11 ғылым докторы мен 23 ғылым кандидаты шықты. Солардың арманы қалай орындалғаны туралы кітап жастарға бағдаршам секілді. Өмір Шыныбекұлы, кітап авторы: — Мына кітапта біздің аға ұрпақтың жеткен жетістігі бар. Ал осыны оқыған баланың бойында енжарлық, ынжықтық қасиет болса жойылады деп ойлаймын. Олар осы ағалардан, әкелерден озады деп ойлаймын. Оған толық негіз бар. Ертеде Алатау мен Қазығұрттың арасын жаудан қорғаған батырлардың ерлігін тек тарихи дерек негізінде жазған автор көп уақытын мұрағаттарда өткізіпті.

Жергілікті аңыз-әпсананы өзі бала кезден ұйып тыңдап, қағазға түсіріп жүрген екен. Бұл маңның әр төбесі ерліктің ескерткіші іспетті. «Мыңшейіт» қорымы соны растайды. Ержан Исақұлов, Мемлекет және қоғам қайраткері: -«Өзінің тарихын, өзінің бабаларын, өз ауылынан шыққан мықты азаматтарды білу деген – ол осы ауылдың жастарына мықты сенім пайда болдырады.

Жаңа кітаптың тұсаукесері өңірлік семинарға ұласты. Алдағы күзде алғаш енгізіліп жатқан «Өлкетану» пәнін қалай оқыту, әдістемелік жолдары мен жаңалықтары талқыланды.

Айгүл Панова, аудандық білім беру басқармасы әдістемелік кабинетінің бөлім басшысы: «Бала тарихты кітаптан оқып жатыр және оған қосымша ретінде дискіде тарих туралы кино, деректі фильмдерді көре алатын болады. Қосымшаның бірі ретінде жергілікті авторлардың осы өңір туралы жазған кітаптары да оқытылатын болады. Сол тізімге Өмір Шыныбекұлының да кітабы кірді».