«Ташкент-Шымкент» бағытындағы автобустың бағасы көпшілікті таң қалдырды. Қалтаны қағарлықтай анау айтқандай қымбат емес. Бүгін Ташкенттен шығып Шымкентке бағыт алған автобустың билет құны 80 000 мың сом, ал теңгеге шаққанда 3 273 теңге болып отыр.

Өзбекстандық өкілдің айтуынша алдағы уақытта екі қала арасында 15 автобус қатынайтын болады. Ал дүйсенбі күні 3 қана автобус бағытқа шығады. Ары қарай автобустар саны көбейтіле ме, ол жағы сұранысқа байланысты. Әзірге билет құнына үлкен жеңілдік болып тұр, алдағы уақытта сұраныс көбейетін болса онда қымбаттауы да мүмкін. Кеденнен кедергісіз өтетін автобусқа сұраныстың аз болмайтындығы анық.

Өзбекстан тарабынан Шымкенттен келіп түрлі тауарлар сатып алуға, ал біздің тараптан Ташкенттегі арзан медициналық қызметке қызығатындардың қатары тіптен артары сөзсіз. Ташкент шаһарына темір жол көлігімен де қатынауға болады. Отырып баратын пойызда билет құны 3 950 теңге болса, купе билеті 8 000 теңге тұрады. Жол жүру уақыты ұзақ бірақ. 6 сағатта діттеген жеріңізге жете аласыз.