Таскенге жаңа мектеп салынбақ

510

Таскен елді-мекенінің тұрғындары үшін жағымды жаңалық. Биыл жылдар бойы күткен жаңа мектептің құрылысы басталады деген жоспар бар. Бүгінгі таңда тозығы жеткен №115 негізгі мектепте 800-ге жуық оқушы оқиды. Олар ара қашықтықтары екі шақырымға дейін созылған үш ғимаратта білім алуға мәжбүр. Қалалық білім бөлімінің тапсырысы бойынша биыл жаңа мектептің құрылысы басталмақ.

2014 жылы Сайрам ауданынан қалаға өткен Таскен елді-мекеніндегі мектепте 800-ге жуық оқушы қысылып-қымтырылып, білім алып келеді. Негізгі мектептің үш ғимараты бар. Алғашқысы 1990 жылдары бала-бақша үшін салынған, екіншісі кезінде монша болыпты, ал үшіншісі екі шақырым қашықтықта. Мектепте асхана, спортзал мұғалімдер бөлмесі деген атымен жоқ. Күн жылыда дене шынықтыру сабағы сырттағы алаңда өткізеді, ал аязды күндері оқушылар шахмат, дойбы ойнайды екен.

Енді осы дене шынықтыру сабағы өткізіліп жүрген біржарым гектар бос алаңда 300 орынды жаңа ғимарат салынады. Қалалық білім бөлімі ЖСҚ дайындап бюджеттен қаражат бөлуге ұсыныс беріпті. Әрине, ел ертеңі бүлдіршіндер сапалы білім, саналы тәрбие алсын деген қалалық мәслихаттың депутатары мектеп құрылысына қаражат бөлуге ат салысып қана қоймай, бюджетке енгізуді талап етті .

Қалалық құрылыс бөліміндегілердің айтуынша құны 785 млн теңге. Желтоқсан айының 29 жұлдызы күні мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялады, жеңімпазы анықталса құрылыс басталады. Қаражат толық бөлінсе, биыл қыркүйек айында бұл елді-мекенің балғындары жаңа мектепте оқиды.Осылайша қалалық мәслихаттың депутатары дегеніне жетіп, игі іс жасады. Ал ауыл тұрғындары мен балғындар жаңа мектеп құрылысының басталу сәтін күтіп жүр.

Нұрлан Күдерұлы