Техникалық тексеруден өтпеген көліктер жолаушы тасымалдап жүр

448

Қоғамдық көліктерде орын алған соңғы апатты жағдайлардан кейін салаға жауаптылар бақылауды күшейтті. Бірер күннен бері аумақтық көлік инспекция өкілдері, жол сақшылары мен тиісті басқарма мамандары арнайы рейдтерге шығып жатыр. Бірлескен топтың күдігіне іліккен көліктердің тең жартысының техникалық байқаудан өткені туралы құжатында кінарат анықталуда.

Жолайырыққа жайғасқан жылжылмалы көлікті бақылау бекетінде екі күнде 15 көліктің құжаттары тексерілді. Жол сақшылары тоқтатқан екі көліктің бірінің техникалық қадағалаудан өткені туралы базадан мәлімет табылмады. Бір қызығы, көліктерінің техникалық ахуалының қаншалықты тексерілгенін жүргізушілер де белмейтін болып шықты.

Жасұлан Омарбеков, полиция аға сержанты: «5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге тартылады, жалған құжат, базаға тіркелмеген».

«Жол мұраты — жетуді» көздеген жолаушылар әрине, бұл тексеруді құп көрмейтіні бесенеден белгілі. Алайда, бұл қоғамдық көліктегі бұқараның қауіпсіздігі үшін жасалып отырған шара. Дегенмен, «мұндай тексерулерді жолда емес, автостансалар мен автовокзалдарда автобустар рейске шығарда ұйымдастыру керек», — дейді салаға жауаптылар. Өкінішітісі сол, жолаушының қауіпсізідігінен бас пайдасын жоғары қоятын пысықай тасымалдаушылардың жауапсыздығы жол бойындағы рейдтік шараларда әшкере болды.

Сапарғали Бөбеев, облыстық аумақтық инспекциясының бас маманы: «Автобустар жылына техникалық байқаудан 2 рет өтуі керек, алайда құжаттар базада тіркелмеген, біз диагностикалық картадан көріп жатырмыз».

Бірлескен топты жол бойына шығарған мына жәйттер. Тап осыдан 6 күн бұрын Сарыағаштан шыққан автобус Ақтөбе облысында отқа оранған еді. Ол кезде автобус ішінде 57 адам болған. Олардың тек 5-уі ғана тірі қалса қалған 52-сі сол замат өртеніп кеткен.
Ал күні кеше Шымкентте автобус өртеніп кетті. Қоғамдық көліктің жанып жатқанын тәртіп сақшылары бейнебақылау камерасынан байқап қалған. Дереу автобустың жанындағы жолды қоршап, өрт сөндірушілерді шақыртыпты. Белгілі болғандай «ДонФен» маркалы автобустың ішкі салоны мен мотор бөлігі жанған.

Рейд ұйымдастырушылары автобустардың техникалық ахуалын жан-жақты тексерді. Анықталған кемшіліктер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, мәліметтер ішкі істер органдарына жөнелтіледі. Тиісті талаптарды орындамаған жүргізушілер мен компанияларға заң шеберінде шара көріледі.

Мақпал Рысбаева