ОҚО мамандандырылған ауданаралық сотында Мақтарал ауданының үш тұрғынына қатысты үкім оқылды. Екі ағалы-інілі мен бір туысы бірігіп бұзақылық пиғылмен ауылдасының тойында кісі өлтірген. 2016 жылдың желтоқсан айында көршінің үйінде өтіп жатқан беташар тойға келген үшеу құттықтап емес, арам ниетпен келіп, той үстінде қонақты жер жастандырған.
Шымкентке марқұмның туыстары келіп, сот үкімін оқитын уақыттың алдында тілшілерге оқиғаның мән жайын баяндап берді. 2016 жылдың 25 желтоқсанында Мақтарал ауданының Мақталы ауылында өткен беташар тойы қанды оқиғаға өрбиді деп ешкім ойламаса керек. «Менің інім өз көлігімен үйленіп жатқан күйеу жігіт пен қалыңдықты тасыған. Беташардан қайтып бара жатқан кезі. Інім жолда ешкімді қумаған, ешкімнің жолын кеспеген. «Ауди» және «Мерседес» көлігін мінген басқа жігіттер тобы інімнің жолын кесіп, артынан қуып, біресе озып отырған. Оңға, солға бұрып, қисалаңдап көлік жүргізуге мүмкіндік бермеген. Өздері жап+жас. Кеуделеріне нан піскен бұзақылардың жасы ары кетсе 20-да. Менің марқұм інім 34-те болатын»,- дейді марқұмның туған ағасы Әбдірахман Пайзиев. Тәртіп бұзған жастарды сабасына түсіргендей болған. Бейбіт тарап, бірақ қайта оралады. Жай емес, пышақ алып.
Әбдірахман Пайзиев, марқұмның ағасы: «Інім жас жұбайларды той өтіп жатқан орынға әкеп тастайды. Ол жерде бес адамнан құралған топ бұларды күтіп тұрады. Біреуі інімді тоқтатқан. Сосын Бақытжан Қошқаров екі жиенімен бірге інімді ұрып, сосын пышақпен төрт рет сұққылайды. Өлімші болған інімді тепкінің астына алған».
Аталаған қылмыстық іс бойынша сот процесі өткен жылдың сәуір айында басталған. Бастапқыда үшеудің бірі — Расул Әбеновке ғана айып тағылған болатын. Сот тергеу барысында қылмысқа оның үлкен ағасы мен көкесінің қатысы бар болуы мүмкін екендігін анықтаған. Олар да сот алдында айыпталушы болып танылды. Үкім де оқылды. Судья Әбсаттар Шахиддинов үкімнің толық мәтінін бір сағат көлемінде оқып шықты.
Барлық жағдайларды саралай келе, екі ағайынды, ағалы-ініліні 15 жылдан бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Олардың туысы Бақытжан Қошқаров кінәсіз деп танылып, сот залынан босатылды. Соттың бұл шешіміне наразы болған жәбірленуші тарап шуылдап, «Қошқаров басты ұйымдастырушы» деп келіспейтіндіктерін білдірді. Жәбірленуші тарапты тыныштандыру үшін күшейтілген күзет шақыруға тура келді. Сот үкімімен келіспейтін марқұмның туыстары апелляциялық шағым келтірмек. Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Ал қандықол қылмыскерлердің қолынан айдың күннің аманында мерт болған марқұмның артында бес баласы қалды.