Тойхана толығымен өртеніп кетті

723

Шымкенттегі 18-ші шағынаудандағы тойхана өртеніп кетті. Тілсіз жау орын алған аумақтағы адамдар қауіпсіз жерге көшірілді. Өрт сол ғимаратқа жақын орналасқан құрылыс дүкенін де шарпыған. Одан бөлек 5 дүкен мен 1 дәмхана, 1 ломбард және 1 емдеу мекемесінен адамдар қауіпсіз жерге шығарылды. Аталған нысандар да өрт орын алған нысанға жапсарлас орналасқан.

Рысқұлов көшесінің бойында орналасқан тойханадағы жалынды ауыздықтауға өрт сөндірушілер мен арнайы техника жұмылдырылды. Көмекке тағы төтенше жағдайлар қызметкерлері жетті. Әзірге өрттің неден шыққаны белгісіз. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жақын арада өрттің себептерін жарияламақ.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрболат Дербісовтың айтуынша өрт «Алтын ана» тойханасының шатырынан шыққан. Облыстық ТЖД таратқан хабарламада:«2018 жылы 28 қаңтарда сағат 15:13-те Шымкент қаласында Рысқұлов көшесінің бойында орналасқан «Алтын Ана» тойханасының төбесі және оған жапсарлас салынған бір қабатты ғимарат өртенді. Жалын ауданы 545 шаршы метрді шарпыды. Оны өшіруге төтенше жағдайлар қызметінің 76 өрт сөндірушісі мен 10 арнайы техникасы жұмылдырылды. Өрт сағат 17:08-де толық сөндірілді» делінген.

Лаура Мамырова