ТЖД 244 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды

443

Оңтүстік Қазақстан облысында Төтенше жағдайлар департаментінің 244 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде өз қызметін асыра пайдаланғандар мен алаяқтық жасағандар да бар. 8 қызметкер теріс қылық бойынша жұмыстан шығарылған. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен дөңгелек үстел мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Соңғы уақытта жемқорлық фактілеріне жол беріп, қызметке қырын қарау ісі төтенше жағдайлар департаменті мамандары арасында жиілеген. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ОҚО бойынша департаментінің мәліметінше, өңірде  халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс қызметкерлер өз міндеттерін ұмытып, жемқорлыққа жол берген.

Сонымен қатар, қызметіне қырын қарап, әскери тәртіпті орындамаған. Айта кетерлігі, қиыс кеткендердің дені – жұмысқа жаңадан қабылданғандар.  Ал, теріс қылық танытқан қызметкерлер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда, айтарлықтай артқан. Басқосуда төтенше жағдайлар қызметінің басшылығы мен қатардағы қызметкерлер осындай заңбұзушылыққа жол бермеу мәселесін талқыға салды.