Жанып кеткен автобус жүргізушілерінің отбасына ауылдастары көмектесуде

500

Ақтөбедегі автобус апатынан аман қалғандармен туыстары тілдесе алмай отыр. Олармен 3 жүргізушінің орнына тек дәрігерлер мен Ақтөбе билігінің өкілдері ғана жолыққан. Бұл туралы күйік шалған жүргізушілерге барған туыстары айтуда. Мақсат Пернебеков, Барат Таңатов және Нұржан Қырғызбаевтың шошынып қалғаны сонша, олармен психолог айналысып жатыр. Ал, олардың отбасы онсыз да есеңгіреген жақындары қамала ма деп үрейленіп отыр.

Қазығұрт ауданына қарасты Қақпақ ауылында соңғы бірнеше күннен бері маза жоқ. Өйткені Ақтөбеде жолаушыларымен бірге өртенген автобустың жүргізушілері, тірі қалған 3 отандасымыз да осы ауылдың тұрғындары. Ауылдастары автобусты айдап кеткен Мақсат пен жолдастарының үйіне күніге барып, жағдайын сұрайды. Ал, туыстарының айтары шамалы. Күні кеше ғана Мақсаттың жағдайын білуге барған бір топ жақыны палатада жатқан өзін көре алмай, дәрігерлермен ғана тілдесіп қайтыпты.

Нұршат Пернебекова, Мақсат Пернебековтің әпкесі: «Мақсатпен сөйлесе алмадық. Кіргізбейді. Жағдайы жақсы деп бөлім меңгерушісі айтты. Оң қолын күйік шалған, беттері күйген, сосын түтінге елітіп қалған деді. Оқиға орнында ары-бері жүгіріп, «шоковый состоянияға» түскен» деді. Психологтар жұмыс істеп жатыр екен».

32 жастағы Мақсат Пернебековтің үш баласы бар. 4-шісіне аяғы ауыр келіншегі автобус өртенгенін естігенде ішіндегі баласын тастап қойыпты. Ал, анасы жүрегі ұстап, қан қысымы көтеріліп күніге ауруханада. Апатқа ұшыраған автобусты соңғы 4 жыл бойы айдап жүрген Мақсат соңғы рейстің алдында автобусын бір ай бойы жөндеген екен.

Апатқа ұшырамас бұрын «Сетра» автобусы Мақсат Пернебеков соңғы рейске шықпас бұрын автобусты бүге-шегесіне дейін тексеріп, жіті қараған екен. Автобус тұрған орында май іздері әлі жатыр. Жалпы, ауылдастарының айтуынша «Мақсат Пернебеков техниканы қанттай етпейінше, жолға шықпайтын» дейді.

Ал, онымен бірге көмекші ретінде шыққан Нұржан Қырғызбаев әйелінен ажырасып, осы ауылда інісімен бірге тұрған. Автобуста өрт шыққан сәтте осы Нұржан отырған екен тізгінде. Ал, үшінші серіктері Барат Таңатов Ресейден көлік әкелу үшін ілесіп шыққан. Бараттың үлкені 20, кішісі 6 жасар 7 бала-шағасы әкелерінің өртене жаздағанын жаңалықтардан білген екен.

Айнұр Таңатова, Барат Таңатовтың әйелі: «Бала-шағаның бәрі сол телевизордан көріп отыр ғой. Жаңағы аты шығып жатқанда бәрін. Қорыққанда енді «папаларың тірі екен, жыламаңдар, келеді» деп айттым. Сөйтіп көндірдім бәрін. Басқа қолымнан келер шара жоқ қой».

Еске салсақ, қаңтардың 18-і күні Сарыағаштан шыққан автобус Ақтөбе облысында отқа оранған еді. Ол кезде автобус ішінде 57 адам болған. Олардың тек 5-уі ғана тірі қалса, қалған 52-сі сол замат өртеніп кеткен. Ал, мынау қайғылы оқиға болардан бірнеше сағат бұрын ғана жүргізушілердің отбасына жіберген видеохабарламасы.

«Аралдан өттік, Ырғызға 170 шақырым қалды. 40 градус аяз боп жатыр. Тіпті 40-тан да жоғары. Міне, отырған отырысымыз куртканың сыртынан куртка киіп алғанбыз. Бала-шағаның нәпақасын табайын деп, бала-шағаны қайтсек бағамыз деп. Жол мұздақ. Жылдамдық 50-де. Су 60-та. Алдында Нұрекең әңгіме айтып отыр».

Тірі қалған екі өзбекстандық еліне қайтарылса, күйік шалған үш отандасымыз Ақтөбедегі ауруханада жатыр. Олардың палатасына күзет қойылған. Ал, олардың отбасыларына Қақпақ ауылының әкімдігі мен кәсіпкерлері үйлеріне оралғанша көмек көрсетуді мойындарына алып отыр. Екі елдің құзырлы органдары болса Өзбекстанда тұрады делінген автобус иесі Ордухан Мехтиевті әлі іздестіріп жатыр.

Мақпал Рысбаева