Сөзбен ілінісудің соңы өрімдей жас жігіттің өлімімен аяқталды. ОҚО мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жасында кісі қолынан мерт болған жігіттің өліміне байланысты қылмыстық іске қатысты сот процесі өтіп жатыр.
Бүгінгі сот процесінде куәлер тыңдалды. Сотталушы өз кінәсін сотқа дейінгі тергеп тексеруде мойындағанымен, сотта мойындамайтындығын айтты. Айдың күннің аманында ұлынан айырылып қалған ата-ана сотталушының кінәлі екендігіне сенбейтіндігін айтты.
Еркінбек Нұржанов, марқұмның әкесі: «Үйде жатқан баламды телефонмен шақырып алып, қатысы жоқ кикілжіңге араластырды… Түн жарымында «пышақталды» деген хабар жетті. Топтанып жұдырықтасуда пышақталған ұлымның күнәсін бір ғана балаға артып отыр. Мен Ордабасы аудандық ІІБ-ның тергеу қызметіне көңілім толмайды. Күмәнім көп. Ақиқатты іздеп, араша сұрап, телеарнаға келіп тұрмын».
Қапыда ұлынан айрылып, қан жұтқан әкенің шағымы бұл. Марқұм болған ұлы Мұрат бала кезінен спортты сүйіп, каратэден талай топты жарған, чемпион да болған екен. Үкілеп отырған үміті түкке тұрғысыз кикілжіңнің кесірінен күлге ұшқанына сенгісі де келмейді. «Елгезек, елдің көңілін жықпайтын, ақ көңіл перзентім қапияда қаза болды», — деп күйінеді ата-ана.
Еркінбек Нұржанов, марқұмның әкесі: «Бұл жанжалға баламның еш қатысы да жоқ еді ғой. Жұдырығы мықты спортшы жігіт екендігін біліп, ауылдастары жұдырықтасуға шақырып алған…».
ОҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында бұл қанды оқиғаға қатысты сот процесі жүріп жатыр. Куәлер де тыңдалуда. Жанжалдың тұтанып, кісі өліміне себепкер болғандар да сұралды бүгін.
Сотталушы орнында марқұмның бала күннен тай құлындай бірге өскен қатарлас ауылдасы. Прокурордың айыптауы дәл осы баланың қылмысқа тікелей қатысы бар дейді.
Мұрат Ибраев, ОҚО прокуратурасының басқарма прокуроры: «Сотталушы қасақана кісі өлтіру мақсатымен күртешесінің қалтасынан жиналмалы пышағын алып, марқұмның сол жақ кеудесіне сұғып алған. Оқиға орнынан төртеу боп бой тасалаған. Айыпталушы ҚР ҚК-нің 99-шы бабы, 1-ші бөлігімен кінәлі деп тану туралы сұраймын».
Айыптауларға да, сотқа дейінгі тергеуге де марқұмның ата- анасы күмәнмен қарайды. Әке жүрегі ұлының қазасына шын кінәлі басқа екендігіне сенімді.
Еркінбек Нұржанов, марқұмның әкесі: «Сотталып жатқан баламен менің ұлым бала кезден бірге өскен. Оның дәті де, шамасы да келмейді. Өйткені батыр болмысты балама оның жалғыз өзінің өлтіруге әлі келмес те еді. Бармаған жерім жоқ. Барлығына тергеуді жаңғыртуды талап етіп жазып жатырмын».
Сот процесі әлі де жалғасуда. Бұл іс біздің арнаның назарында болады.
Жанар Есенбекова