Қалаға кіреберіс аумақ қашан абаттандырылады?

1192

Күнгейде күлімдеп тұратын Шымкент шаһары жыл жылжыған сайын көркейіп келеді дейміз. Дегенмен халықаралық маңызы бар трассалардың бойын, қалаға кіреберіс қақпалардың маңын көркейтуді ұмыт қалдырғандаймыз. Әсіресе Ташкенттен Шымкентте кіреберіс тұсқа абаттандырудың ауылы әлі де алыс сынды. Жер асты өткеліне кіреберіс тұстан қарағанда қала тіптен сұрқай көрінеді. Алдағы уақытта бұл мәселе қолға алына ма, әлде үлкен ауыл кейпінде қала бере ме?

Жыл он екі ай мамырдағыдай күні жайнап тұратын, халықтың нөпірі қайнап тұратын Шымшаһардың осы бір тұсы расында ауқымды аббаттандыру жұмыстарын қажет етеді. Шымкенттің шекарасы басталатын шекке қойылған алып кілт қана сұрқайлықтан құтқарып тұрғандай. Бүгінде көптің көңілінен шыққан туынды көз ұшынан көрініп, қалаға кіргенше менмұндалап тұрады. Шымкенттің кілті деп аталып кеткен алып туындыда Оңғарбек Әуезовтың, Нәсір Рүстемовтің, Амангелді Тұрсыновтың да қолтаңбасы бар.

Оңғарбек Әуезов, «Қазақстанның құрметті архитекторы», «Шымкент кілті» монументінің авторы: «Сол жылдары облыс басшылығына Асанбай Асқаров келгенде талай игі іске мұрындық болғаны белгілі. Бұл туынды да А.Асқаровтың идеясы. «Өзбекстаннан келе жатқан халық мұнда келгенде көрсін Шымкенттің тарихи қала, қолөнердің қаласы екенін» деп тапсырма берген болатын. Қазақы нақышта жасап шықтым. Мақұлданған соң, тез арада тұрғызыңдар деді. Аз уақыт өтпей реконстурукциясын жасап шықтық. Наурыз айында орнаттық. 1981-ші жылы болатын. Бояуы кеткен кезінде бояп қояды, қараусыз емес. Бұл өзі белгі болып қалды. Жұрттың бәрі үйреніп қалған. Кілт деп атайды».

Автор бұл туындысын «әу баста кілт болады деген жоқ едім, қазақтың қоңыр дауысты қобызына ұқсатып жасадым», — дейді. Кейінірек жоғары жағына қаланың атауы жазылған…


Одан кейінгі тұста жер асты өткеліне жеткенге дейін көз тоқтатып қарайтындай көрнекілік жоқ. Бадам өзенінің бойында орнатылған тайқазаннан басқа…
Халықаралық маңызы бар жолдың екі жағы да абаттандыру, көгалдандыру дегеннен жұрдай. Оң жақта зират, сол жақта көште қалған көне жұрттай ескі көлік базары. Майда шүйде жекенің иелігіндегі құжынаған көлік жөндейтін орындар.

Ералы Дәуітбаев, тұрғын: «Жол бұрынғыдан жақсы. Бірақ көріктендіру керек. Жолдың жан жағын аббаттандырса дұрыс болар еді. Қала деген аты бар».

Нұрлан Бектұрсынов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы: «Шымкенттің бұрынғы шекарасы кілт тұрған аумақтағы кіреберісті абаттандыру жұмыстары жоспарда бар. Екі жақтағы қырларға ағаш егу, көгалдандыру жұмыстары да. Биылдыққа ол жұмыстар қаралған, екінші жарты жылдықта жүзеге асырылатын болады.

Жауаптылардың жауабы осындай. Қалаға кіретін төрт тұсты да дәл қазір көркейтсе артықтық етпейді. Кешенің көшіне емес, өркениеттің өзіне бет түзеген шақта Шымшаһардың кіреберіс қақпалары ел көшіп кеткен ескі жұрттай көңілге көлеңке түсіріп тұр.

Гүлжан Көшерова