«Қазақстанда контрафактіге жол жоқ»

1240

Бүгінде еліміз бойынша осындай атпен акция өткізілуде. Зияткерлік меншікті қорғау индикаторын жақсарту басты міндеттердің бірі болып отыр. Кәсібін жаңадан бастағандарға түсіндіру, насихаттау жұмыстары қарқын алған. Бүгін облыстық Әділет департаментінің ұйымдастыруымен аталмыш тақырыпта семинар өтті. Тауар таңбасын қорғауда, оны тіркетуде кәсіпкерлердің қандай құқықтары бар?

Зияткерлік меншікті қорғап қана қоймай осы тарапта құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында арнайы акция өткізілуде. Шара барысында байқау да ұйымдастырылып отыр. Қаңтардың 29-ы мен 23 ақпанға дейін жалғасатын байқауда бағын сынауға бел буғандардың қатары да аз емес.

Ерболат Нарбаев, облыстық Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы: «Елбасының стратегиясына байланысты ҚР Әділет министрлігінің Дүниежүзілік экономикалық форумға жаһандық бәсекелестік индексі көрсеткіштерінің индикаторының бірі зияткерлік меншікті қорғау болып табылады. Осы акция барысында арнайы байқау ұйымдастырылып отыр. Байқаудың негізгі мақсаты — жаңадан ашылған кәсіпкерлерге зияткерлік меншік құқықтарын түсіндіру. Акцияға байланысты үш ереже бойынша, яғни, үздік мақала, үздік билбордтың эскизі, қысқаметражды фильм түсіру. Байқауға облыстағы 14 жастан жоғары жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен ноутбук беріледі».

Облыстық Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөліміне құқық иегерлері яғни, «Пионер», «Пиала шәйі», «Тойота» тауар таңбаларының заңды өкілдерінен арыз келіп түскен. Былтыр жоспардан тыс 16 тексеру жұмыстары жүргізіліпті. Тиісті хаттамалар толтырылып, әкімшілік сотпен құқықбұзушылыққа қатысты 12 млн. теңге айыппұл салынған…

Тауар белгісін тіркетіп, заңды түрде жұмыс істеу басты талаптардың бірі. Ал заң талаптарын білмедім деу жауапкершіліктен босатпайтындығы белгілі. Осыған байланысты кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жанна Омарбекова, «Ұлттық зияткерлік меншік институты» Алматы филиалының бөлім басшысы: «Кәсіпкерлерге тауар белгісін заңдастырып, заң аясында жұмыс істеуі тиімді. Тауар белгісін тіркеткеннен кейін ғана кәсіпкердің құқығы жүреді. Аталмыш белгіні тіркету үшін өтінімді электронды түрде де беруге болады. Тіркету мерзімі де қысқартылып отыр. Толық сараптама жасатып тауар белгісін тіркеу бұрын 12 ай болса, бүгінде 9 айға қысқарды».

Әділет департаменті мен құқық қорғау органдары заңсыз тауар таңбасын пайдалану фактілеріне қатысты заң талаптары бұзылған жағдайда азаматтардың жеке арыздары бойынша тексеріс жүргізеді. Талаптарды бұзғандарды заң басынан сипамайды. Сондықтан да заң шеңберінде жұмыс атқарғанды құп көретіндер көп. Акцияның негізгі көздеген мақсаты да — осы.

Гүлжан Көшерова