Достық пен бірлік бәрін де жеңеді. Облыстық қуыршақ театры «Рухани жаңғыру – балалық шақтың бастауы» атты жаңа жобаны қолға алды. Жобаны елімізге белгілі жазушы Мархабат Байғұттың «Достық мектебі» пьесасының желісімен қойылған спектакльімен бастады. Қуыршақ театрының сахнасында 15 жылдан бері қойылып келе жатқан шығарманы тамашалауға автормен бірге қонақтар да келген. Жаңаша реңк беріліп, қайта сахналанған қойылымға олардың көңілі толып қайтты.

 Мархабат Байғұт, жазушы: «Бұл жоба бойынша қуыршақ театрының балаларға арналған туындылары қойылады екен. Бұл жақсы бастама. Өйткені біздің балалар қазіргі замандағы қаталдықты, қатқылдықты сезінеді, біледі. Бұл қойылымның идеясы – қаталдықты достық жеңетіндігін көрсету. Мына қойылымда әртістер өте жақсы ойнады. Режиссерлер мықты еңбек еткені көрініп тұр. Сол себепті балалардың да көңілінен шықты. Мен балалардан «сендерге ұнады ма?», – деп сұрадым. Олар ұнағандарын айтып жатыр. «Сендер де достықты қадірлейсіңдер ме?», –  десем «қадірлейміз» деді. Бұл қойылым балалардың бір-біріне жау болмауды, бір-бірін сатпауды, достыққа адал болуды үйретеді. Сондықтан балалар ғаламторға үңіле бермей, қуыршақ театрына келіп тұрса қандай жақсы. Осы балалар үшін жұмыс жасайды бұл ұжым. Сол себепті қуыршақ театрына қамқорлық керек».

Көрерменнің басым көпшілігі – балғындар. Олар кез-келген қиыншылық пен кедергіден достыққа адал болған кезде ғана өтуге болатынын ұғынды. Қулық пен сұмдықтан аулақ болу керектігіне көз жеткізді. Қойылымның мақсаты да осы еді. Қазіргі қатал заманда балаларға барлығын достық жеңетінін көрсетпек болған театр ұжымының мақсаты орындалғандай. Оны кішкентай көрермендердің барлық ынта жігерімен тамашалап отырғанынан байқауға болады. Қойылымның ұнағаны соншалық балғындардың арасында енді жиі келіп тұрамыз дегендері де табылды.

Баркида Жораханова, кішкентай көрермен: «Бүгін мен достыққа қиянат жасамауды үйрендім. Түлкі тырнаның баласын жеймін десе де жей алмады. Оған досы кедергі болды. Досты ешқашан алдамау керек екен. Біз енді достарымызбен жиі келіп тұрамыз».

Қуыршақ театрының әртістері жансыз бейнеге жан бітіреді. Сондықтан да болар олардың көрермен алдындағы жауапкершілігі басқа театрлармен салыстырғанда екі есеге артық. Бұл қойылымда тырна мен балапанын ойнату бір адамға жүктеліпті. Қос бірдей қуыршақты алып шығу барысында қиындық туғызған сәттері де болған.

 Толқынай Өмірзақова, Қуыршақ театрының жоғары білікті әртісі: «Бұл қойылым біздің театрда 15 жыл бойына сахналанып келеді. Осы уақыт аралығында тырна мен балапанды мен ойнатып келемін. Қуыршақты ойнау үшін бірінші жүріс, тұрысын меңгеру керек. Бар шеберлігіңді салып қуыршақты тірілтуіміз керек. Мен қазірге дейін тырнаның дауысынан балапанының дауысына алмасқан сәтінде қиналамын. Бұл өте қиын жағдай, бір дауыстан келесі дауысқа сол сәтте өзгерудің қиыншылығы бар. Қуыршақтың жүріп-тұру әдісін де жақсы меңгеруіміз керек. Онсыз оларға жан бітіре алмаймыз. Тағы бір қиын тұсы қол да ауырып кетеді. Өйткені қолымызды қимылдату арқылы олардың іс-әрекетін саламыз. Бірақ соның бәріне қарамастан сәтті алып шығуға тырыстық. Режиссердің қойған талабын орындауға барымызды салдық».

Мейірімділік – адам бойынан табылуы тиіс ең қажетті қасиеттің бірі. «Достық мектебі» қойылымында бұл да көрсетілген. Осындай ерекше қасиеттерді бойына жинаған балғындар – «Біз доспыз!», – деп тарқасты.