Фабриканың сатылымынан түскен ақшаны иемденіп кетуге қатысты сот процесі бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Оңтүстік Кореялық кәсіпкер Хон Чи Джонға тиесілі кәсіпорынын филиал директоры сатып жіберген. Бірақ ақшасын қожайынға бермей, директордың қалтасында кеткен.
Сот тергеу кезінде үшінші тарап, яғни фабриканы сатып алған кәсіпкер Қахрамон Сүлейманов жұмыс істей алмай отыр. Қылмыстық іс шеңберінде өндіріс орны мөрленіп, қымбат құрылғылар іске қосылусыз тұр.
Максим Борзенко,»Казхансоль Интерком ЛТД» ЖШС-нің заңгері: «ОҚО ІІДЖ аға тергеушісі Сейдалиев өзі келіп кәсіпорынды мөрлеп, жауып тастады. Осылайша өз құрал-жабдықтарымызды пайдалана алмай отырмыз. Шығынға шаш етектен баттық. 50 адамды ақысыз демалысқа жібердік. Бірақ біз кінәлі емеспіз ғой…»
Өзгенің бұйымын жымқыру бойынша қозғалған қылмыстық іс шеңберінде сот шешімімен аталған кәсіпорын жұмысы тоқтатылған. Сот шешімін сот орындаушылар орындайды емес пе?! Бірақ бір қызығы, зауытты жабуға полицейлердің өзі келіпті. Осылайша серіктестіктің құқын бұзды дейді компания заңгері. Ал құқық қорғау органдарының әрекетіне қатысты жазған шағымдар жауапсыз қалыпты.
Максим Борзенко,»Казхансоль Интерком ЛТД» ЖШС-нің заңгері: «Тергеу жүргізген және кәсіпорынды мөрлеп жапқандардың іс әрекетін заңсыз деп есептейміз. Біздің шағымдарымыз жауапсыз қалып жатыр».
Тергеушінің қызметін асыра пайдаланғанын соттар да растап отыр. Судьялар кәсіпорынды мөрлеп, өндірісті тоқтатуға тек сот орындаушылар міндетті деп отыр.
Қайрат Ізбасаров, Еңбекші аудандық сотының судьясы: «Тергеуші бұғаттай алмайды, сотқа өтініш хат бере алады. Судья тексеріп, егер барлығы сәйкес келсе, сот қана бұғаттау туралы шешім шығарады. Нәтижесінде өндіріс орынын сот орындаушылар мөрлеп, жабуы керек».
Компания қызметкерлері бизнесін ары қарай жалғастыру үшін құқығын талап етуде. Құқық қорғау органдарына қайта шағымданып, кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын кеңеске жағдайға баға беріп, өндірісті іске қосу туралы ұсыныс тастамақ.