ОҚО-да полицейлер көші-қон қызметі бойынша 900-ден астам құқықбұзушылық анықтады. ОҚО ІІД Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасының үш күнінде көші-қон заңдылықтарын бұзған 920 құқықбұзушылық анықтаған.
Іс-шараның мақсаты — көші-қон бойынша заңдылықтарды бақылау, заңсыз облыс аумағына келіп жалдамалы жұмыс істеп жүргендерді анықтау, сонымен қатар Қазақстан аумағында көші-қон бойынша заңдылықтардың және құқықбұзушылық пен қылмыстарды анықтау.
Сонымен, «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлерімен 769 шетел және 151 Қазақстан азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 502 құқық бұзушыға ескерту жасалынды, 105 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды және 276 шетел азаматы әкімшілік қамауға алынды. Көші-қон заңдылықтарын бұзған 37 шетел азаматына сот шешімімен елден шығарылды. 106 шетел азаматына ҚР аумағында болуға мерзімдерін қысқартты.
«Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлермен ОҚО ІІД-нің қабылдап-тарату орнына өздерімен бірге құжаттары жоқ 106 адам жеткізілді. Облыста көші-қон заңдылықтарын бұзған және заңсыз шетел азаматтарын жұмыс күші ретінде пайдаланған 151 Қазақстан азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Елден шығару бойынша сот шешімін орындамаған 6 жайтқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жалпы құқықбұзушыларға 1,3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.