Сайрам ауданына қарасты Ақбай ауылында жауаптылар тазалау қондырғыларын орнатпақ ниетте. Қарасу ауылындағы көпқабатты үйлердің кәріз жүйелерінің бүкіл сарқындысы сонда барып құйылатын болады. Әзірге бұл жоба қағаз жүзінде тұр. Алайда Ақбай ауылының тұрғындары сасық сарқындымен қоңсы болмаймыз деп дау шығаруда.
Ақбай ауылындағы шаруа қожалықтары көкөніс егіп, күнелтіп отырған жайы бар. Кезінде «Победа» колхозының атағы алысқа кеткен болатын. Бүкіл ауданды қамтамасыз ететін көкөністің барлығын осы Ақбай ауылы беретін. Бүгінде мұнда 100-ге жуық шаруа қожалығы бар. 500 гектарға жуық суғармалы жер бар. Көкөніс өсіретін егістіктің маңына түсетін кәріз жүйелерін салуға қарсымыз дейді ақбайлықтар. Ертеңгі күні иісі шығады, сосын шыбын шіркей көбейеді, өсірген өнімімізге кесірін тигізіп, еңбегіміз еш кетеді дейді.
Рахматулла Абидинов, ауыл тұрғыны:
— Суға жақын жерге салынбақ. Ауыл әкімдігіне де, аудан әкімдігіне де бардық бірақ қайран жоқ. Халықты ешкім ойлап жатқан жоқ.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша «Нұрлы жер» бағдарламасына орай Қарасу ауылында 2021 жылға дейін 15 көпқабатты коммуналдық арендалық үйлер салу жоспарланған. Сол маңда үйлерді салу үшін оған міндетті түрде лас шайынды суларды тазартатын қондырғының құрылысын жүргізу қажеттігі туындап отыр. Қарасу ауылдық оукругі әкімдігіне бос жатқан жерді анықтау туралы тапсырыс берілген. Сол жерге жобалау жұмыстарын жүргізуге 20 млн теңге қаржы бөлінген.
Самат Абдиллаев, Сайрам ауданы құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
– Негізі екі бағыт бар. Бірінші бағыт кәріз жүйелерін қазіргі Қарабұлақтағы бар тазалау жүйелеріне тартып, сол жүйелерге жіберу, екінші бағыт Қарасу ауылы округі тарапынан бөлініп жатқан жерге лас шайынды суларды тазалау қондырғысы құрылысын салу. Екі бағыттың да тиімділігі арзандығына қарай көреміз. Негізі қазір тазалау қондырғылары заманауи экологиялық талаптарға сай салынады. Жабық кешен болады, таза су шығып тұрады, поливке де жарайтын су болады.
Жауаптылардың жауабына қарсы шыққан Ақбай ауылының тұрғындары жергілікті биліктен қайран болмаса жоғарыға арызданамыз деп бекініп отыр. Бұл мәселенің қалай шешілетіндігі әзірге белгісіз.