«АҚШ-тағы көрме керемет өтті»

637

«Жаңа күн» бағдарламасының кезекті қонағы белгілі фотограф Мақсат Шағырбай:

— Нью Йорк қаласында болып қайттыңыз. Сапар жайында айта отырсаңыз…
— Былтыр бүкіл дүниежүзінің фотографтарын жинап, елімізді әлемге таныту мақсатында арнайы фестиваль өткен болатын. Сол шақта Жапониядан бастап Американың белгілі фотографтарының басын қосқан болатын. Оларға Қазақстанның қай түкпіріне барамын десе де шектеу қойылған жоқ. Толық мүмкіндік берілді. Еліміздің қонақжайлылығын, табиғатының ерекшелігін, тарихи орындарды көріп, суретке түсірді. Үлкен кітап шықты. Болашақта бізден қалатыны кітап қана ғой. Содан кейін Америка құрама штаттарымен қарым- қатынасты нығайту мақсатында Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында яғни, желтоқсан айында АҚШ-та көрме өтті. Онда Біріккен Ұлттар Ұйымының көрме залы бар. Айтулы көрме сол жерде өтті. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы кеңесінің уақытша төрағасы болып сайлануына байланысты ұйымдастырылды. Біздің еліміздің табиғатын, архитектурасын, салт-дәстүрін жалпы Қазақстан дегенде нені көрсету керек сол суреттердің барлығын алып бардық.
— Қанша туынды алып бардыңыздар?
— Жалпы саны 100-ден астам. Ол жерде шетелдіктердің ғана фотолары емес, көптеген фотографтардың туындылары да қойылды. Елімізде өткен фестивальге келген шетелдік фотографтар не бұйырды, ауа райының қандай сәтіне тура келді соны түсірді, соны көрмеге қойды. Ал елімізде мықты мықты фотографтар бар. Оларға «АҚШ-та осындай көрме өткелі жатыр, атсалысыңыздар», — деп ұсыныс жасадық. Ол кісілермен келісіп, рұқсаттарын алып, 100-ден аса фотоны көрмеге қойдық. Аталған көрмеге бүкіл дүниежүзінен келген, дипломатиялық корпустың қызметкерлері бар бәрі келіп, тамашалады. Желтоқсан айында ресми ашылуы болды. Көрме керемет өтті.