Анасы мен әйелін өлтірген күдіктінің әкесі оқиғаның қалай болғанын айтты

428

Оңтүстік Қазақстан облысында анасы мен әйелін өлтірген күдіктінің әкесі Әбді Қожықов оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды inform.kz.

Шұбарсу ауылы тұрғынының сөзінше,  28 жастағы ұлы Жандарбек бұрын қылмыс жасамаған. Жаман ортаға да қосылмаған. Бірақ соңғы кездері мінез-құлқында өзгеріс пайда болғаны байқалған. «Оның бір діни топқа қосылғанын байқағам жоқ, жеке өзі жүретін. Бұрын есірткіге ұқсас темекі тартқан. Соны тартқалы бері көшеге шыға алмай, қараңғыдан қорқатын болып қалып еді.

Тіпті дүкенге де бара алмайтын болды.  Мен сол темекіден кейін қорқақ болып қалған ау деп ойлаймын негізі. Тамағына тәбетін қысып тастаса керек, тамақ та жемей қойды. Төрт-бес рет намаз оқып алады да, көп ұйықтай берді»,-дейді Әбді Қожықов. Қанды оқиға болған күні Жандарбек ерсі қылық байқатпаған. Бірақ өңі өзгеріп, біртүрлі болып көрінген. Жанұяда ұрыс-керіс те болмапты. Оқиға аяқ астынан өрбіген.

«Сол күні әйелімен де жанжалдасқан жоқ. Көз алдымда отырды. Бірақ тамақ жемеді. Маған келінім дәріханадан дәрі алу керек еді деген соң мен оны сонда жібердім. Балам оның ізінше шығып кетті. Мен Жандарбекті үйді жылытуға отынға жұмсаған едім. Бірақ қолына дастарханда май кесіп отырған пышақты алып шыққанын байқамаппын.

Сөйтіп қора жақта әйелін пышақтаған. Ол айқалаған ғой. Сол кезде әйелім үйден атып шыққан. Шыға салып, баласынан қашқан. Өйткені баланың көзі қызарып кеткен, теңселіп, есін білмей жүрген. Оны да пышақтаған. Содан маған қарай жүгірді. «Папа сіз де өлесіз, мен де өлемін», деді. Сол кезде мен оның қолын қайырып, пышағын алдым. Жерге құлаттым. Сөйтіп айғайлап едім, көршімнің баласы келді. Қолын байлап тастадым. Менің қартайған әкем бар, соны дәрігерлер адам болмайды деген соң ауруханадан шығарып алғанбыз күні кеше. Сол кісіні күтіп жүрсек, бас-аяғы 5 минуттың ішінде менің бүкіл отбасым кетіп қалды ғой.

Жанжал болған жоқ, басқа болған жоқ. Мен содан есімді жинай алмай отырмын. Мен жалғыз қалдым»,- дейді күдіктінің әкесі. Әбді Қожықов қазір үйінде жалғыз өзі қалғанын айтады. Алты айлық немересін нағашылары алып кетіпті.

«Немеремді құдаларым келіп алып кетті. Ол кісілердің түсінігі бар жандар болып шықты. Құдам маған «Сізге тағар айыбымыз жоқ, құдалығымыз мың жылдық» деп қол алысты. Оларға өмірбақи ризамын. Үйлерінде емізулі баласы бар келіндері бар екен, немеремді сол келінге екінші перзенті етіп қостық. Егізі болды. Қазір құжаттарын рәсімдетіп жатырмын, соларға тапсыруға. Оларға немеремді өз еркіммен бердім. Екі ортада ойнап шауып жүре береді ғой деген үмітпен»,-дейді қайғыдан қан жұтқан әке. Қазір тәртіп сақшылары оқиға орнын тексеріп, күдіктінің әкесінен жауап алып кеткен. Тіпті марқұм болған екі әйелдің ұялы телефондары да полицияға тапсырылған .

Ал, Әбді Қожықов болса бүтін бір отбасының қайғыға ұшырағанына жауаптылар жазасын алса дейді. «Менің бір ұл, бір қызым бар. Бірақ балам жалғыз болса да  анасын өлтіргені үшін жүз жыл жаза берсе де ризамын. Мен әйелімді, келінімді қайтара алмайтынымды түсінемін. Бірақ оның мұндай әрекетке барғанына не себеп, мен соның анық-қанығын білгім келеді. Бұған дейін де осындай жағдай болған. Бұл баламның әрекетінде есірткіге қатысты бір мәселе бар сияқты. Өйткені осындай нәрселер болып жатыр біздің Шұбарсу ауылында.

Бұған дейін бір жігіт өзінің баласын пышақтаған болатын. Мен соны білгім келеді. Бұл нәрсенің басқа үйлерде қайталанғанын қаламаймын. Қазіргі менің басымдағы жағдайды жауыма да тілемеймін. Мен сол балалардың есін кетірген затты кім әкеліп жатыр, соның анық-қанығына жету керек деп айтар едім. Осы нәрсеге кінәлі адамдар жазасын алса екен»,- дейді Әбді Қожықов.

Еске салайық, 23 ақпан күні Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылында 28 жастағы жігіт әйелі мен анасын пышақтап өлтірген болатын. Қазір сот санкциясымен қамауға алынған  күдіктінің 1990 жылы Өзбекстанда туғаны анықталды. Аталған жайт негізінде Қылмыстық кодекстің 99 бабы «Адам өлтіру» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірнеше сараптамалар тағайындалып отыр.