«Арай-2018» өнер байқауының ақтық сыны басталды

721

Күнгейдің үздік жас әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілері анықталып жатыр. Дәлірегі, бүгін облыстық «Арай-2018» өнер байқауының ақтық сыны басталды.

Ұйымдастырушы тарап – мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшылығының айтуынша биыл қатысушыларға қойылған талап анағұрлым жоғары болған. Ал жас таланттардың дарын-қабілетін 16 адамнан құралған қазылар алқасы бағалауға кіріскен. Сондай-ақ, биыл төрешілерге төраға тағайындалған жоқ.Нұрлан Әділханов, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры: «Биыл әр ауданнан таланттарды тәлімгерлер таңдап әкелді. Бірақ өздері үздіктерді таңдағанымен сол ауданның өкілі ретінде сайыста сол қатысушыға баға беру мүмкіндігінен айырылады. Десе де өзге аудан, қаладан келген жас таланттарға ұпай санын қоюға міндетті. Және қазылардың бағалауы сол мезет экранға шығып, көрерменнің назарына ұсынылып жатыр».

Айта өтейік, биыл 23-ші рет қолға алынған «Арай-2018» байқауына қатысу үшін 450 үміткер ниет білдірген. Ақтық сынға оның 39-ы жолдама алыпты. Ал өнер сайысы бүгін анықталып, жеңімпазға қомақты қаржылай сыйлық тағайындалмақ.