Күнгейлік композиторлар Астанаға арнап ән жазды

743

«Мәңгілік ел». Өңірімізде осындай тақырыпта ән мен әншілердің байқауы өтті. Патриоттық жанрды жаңғыртатын жоба шарты бойынша сайысқа ұсынылған туындының авторы жергілікті композитор болуы керек болды. Сондай-ақ, қатысушылардың жас ерекшелігі 18-35 -тен аспауы міндеттелді. Ал үміткерлердің талант-қабылетін бағалау композитор Құралай Сәтмұханбетова бастаған 5 бірдей мәдениет майталманына жүктелді.

Ұйымдастырушы тарап – облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы басшылығының айтуынша, биылғы өнер бәсекесіне қатысуға 72 үміткер ниет білдіріп, оның 28-і ғана ақтық сынға жолдама алған.

«Сарын» тобы

Берік Жорабеков, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары: «Биыл 4- ші рет қолға алынған сайыстың бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Яғни, қатысушы бірінші кезеңде патриоттық тақырыптағы – Ел мен жер, Отан туралы шығарманы орындаса, келесі кезеңде Елордамыздың 20 жылдық мерейтойының құрметіне «Астана» туралы әнді орындауы шарт».

Сонымен,  «Мәңгілік ел» – патриоттық тақырыпта өрбіген өнер байқауында әншілер арасында бірінші орынды «Фараб» дуэті жеңіп алды. Ал композиторлар арасынан Түлкібастың таланты Рысты Шымырбаева топ жарып, бірінші жүлдені қанжығасына байлады.