Балабақшадағы ас мәзірін дайындауға ата-аналар да қатыса алады

2791

Қамқор тәрбиешілер мен кәсіби педагогтар да, пайдалы тағамдардың да түр-түрі осында. «»Ақ көгершін» балабақшасында баланың дамып, жетілуіне бар жағдай жасалған. Бүлдіршіндердің саналы тәрбие алуына да мүмкіндік зор.

№122 «Ақ көгершін» балабақшасы Тұрлан экспедициясында орналасқан. Мектепке дейінгі білім беру орталығында тәртіп — қатаң. Денсаулық кепілі — тазалыққа да аса мән беріледі мұнда. Оқу бағдарламасына сай балалар дене шынықтыруға қатысып, психолог, логопед мамандарының дәрісінен өтеді. Тіпті ағылшын тілін де үйренеді.

Бала денсаулығы үшін салауатты тамақтанудың да маңызы зор. Бармағынан бал тамған аспаздар бүлдіршіндерге күн сайын түрлі дәмді әрі пайдалы тамақтар ұсынады. Ас мәзірін дайындауға ата-аналардың да қатысуға мүмкіндігі бар. Балабақша басшылары ол үшін ашық есік күндерін жиі ұйымдастырып отырады. Онда 10 күнге арналған ас мәзірі ортаға салынады. Таңғы асқа түрлі әрі пайдалы ботқалар, түскі асқа дәрумендерге толы салаттар мен бірінші және екінші тамақтар дайындалады. «Сусындар мен нәрсулардың да бала ағзасына берері зор», — дейді ақ халыттылар.

Балалардың дені сау болып өсу үшін мұнда тиісті талаптар қатаң сақталады. Бүлдіршіндердің тынығатын, ойнайтын бөлмелері жиі желдетіліп, таза ұсталады.
Бүгінде бұл балабақша осы аумақта ғана емес, қаладағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арасында да оқ бойы озық. Қазір мұнда 20 топта 525 бала тәрбиеленуде.

Мақпал Рысбаева