Биыл Оңтүстік өңіріндегі таулы аудан Қазығұрттың құрылғанына — 90 жыл. Осыған орай, шұрайлы жері мен жұртының өзі аңызға айналған өлкенің тұрғындары мен тумалары киелі өлкенің өткеніне үңілді.
Болашағын бағамдап, торқалы той жасады. Бірақ мәдени шара мейрамханада емес, күнгейдегі бірегей рухани ошақ — Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында тойланды.
Адамзаттың алтын бесігі — қасиетті тау бөктері. Кеме қалған Қазығұрттың аңызы мен ақиқаты. Жері мен жұрты, тарихы мен топырағының киесі бұл жолы қара домбыраның күмбір-үнімен қоса, белгілі сазгер Аян Қожановтың әнінде де әуеледі. Өнер иесі Қазығұрттың 90 жылдық торқалы тойында тосылып қалмады. Туған жерінің перзенті «Бесігі тіршіліктің — туған жерім» атты жүрекжарды туындысын тарту етті.
«Бұл әнді орындағанда жастық шағым, алтыбақан тепкен сәттерім, ауылдағы бәрі-бәрі көз алдымда келеді. Әсерлі болғандықтан, әркез әнді айтқанда қобалжып, тебіреніп, ерекше күйге бөленетінімді де жасырмаймын. Ал қазіргі арманым — менің әнім ғана емес, Қазығұрт ауданы — елі мен жері мәңгі жасаса екен!», — дейді сазгер Аян Қожанов.
Тарихтың тарауларына үңілсек, Қасиетті Қазығұрт тауы атымен аталатын ауданымыз 1928 жылы құрылған. Орталығы қазір Қазығұрт, бұрындары — Тұрбат, Шарапхана, кейіннен Ленин селолары болған. Дүние жүзі ғалымдарының пікірінше, Қазығұрт, Қаратау, Қаржан, Өгем таулары аралығында тіршілік ерте пайда болып, адамзат баласы о бастан осы маңда тіршілік еткенін мақтанышпен айтуға болады.
Сондай-ақ, әз Наурыз — жыл бастауы, төл мерекеміз де осы жерден бастауын алған. Ал Нұқ Пайғамбардың кемесі Қазығұртқа келіп тоқтаған мезгіл дәл күн мен түннің теңескен күні деседі. Дәлірегі, осы күні үлкен той болған, сол ұлы мерекені адам түгілі, аң құс та түгел сезінген. Қазіргі тарихшылар Қазығұрттың тоқсан тарау толқымалы тарихындағы тағы бір тың ақпаратты анықтап, дәлелдеп отыр. Белгілі қаламгер Момбек Әбдіәкімұлы ХV ғасырдағы хандық дәуірдегі таулы аумақтың аңыз-уақиғаларын зерттеп, өзіндік мәлімдеме жасады.
Момбек Әбдіәкімұлы, жазушы, тарихшы: «Қазақ хандығы дәуірінде Керей мен Жәнібек көптеген ой-тоқтамды осы тау бөктерінде жасаған. Жаугершілік заманда да Ташкентке немесе өзге де аумақтарға барарда осы Қазығұртқа жиналып, шешім қабылдаған. Сондықтан, кезінде көптеген түйіндер дәл осы тау жотасында қаралып, байлам жасалған дей аламыз».
Киелі Қазығұрт тауының торқалы тойында зиялы қауым өкілдері мен ауданның тұрғындары және тумалары жиналып, киелі өлкенің тынысы мен тіршілігі, өткені мен бүгіні баяндалған кітаптарды тағы да түгендеді. Пушкин атындағы кітапхананың қорына өткізді. Айта өтейік, Оңтүстік Қазақстан облысының Оңтүстік-шығысында орналасқан ауданда қазір 61 елді мекен 12 ауылдық округке біріктірілген. Соңғы деректер бойынша, тұрғындарының саны — 108 826-ға жеткен.