Күнгейде кітаптар күйреп жатыр

741

Күнгейде рухани қазына – кітаптар күйреп жатыр. Дәлірегі, арнайы зағип жандар мен көзі әлсіз көретіндерге арналған облыстық кітапхананың қоры ақпанның аязына емес, шатырдан аққан суға малынып, жарамсыз күйге түскен. Бұл аздай, қар немесе жаңбыр жауған күні кітапхананың іші көлдеп кетеді. Салдарынан, тозығы жеткен еден мен өзге де жиһаз-жабдықтардың жағымсыз иісі қолқабаны қауып, оқырманның мазасын қашырған.

Жыл сайын күрделі тұрмақ, ағымдағы жөндеудің өзінен қағылып келген мәдени ошақтың қазіргі күйін айтып, арызданған кітапханашырдың уәжін біз де тыңдап қайттық. Зағип жандар мен көзі әлсіз көретіндерге арналған облыстық кітапхананың жыл сайынғы, 3 маусымда арпалысатын мәселесі осы. Мәдени ошақтың қазіргі мүшкіл жағдайын бізге өзге емес, кітапхананың басшылығы яғни директорың орынбасары айтып, арызданып жатыр.

Ләззат Темірбаеваның айтуынша, табиғаттың қайбір құбылысы – жауын мен шашынның салдарынан кітапхананың іші әркез көлдеп кетеді. Еден көтеріліп, көгерген иіс қолқаны қабады. Ал қазір кітаппқорындағы жүздеген жинақ шатырдан аққан суға малынып, жарамсыз күйге түскен.

Өкінішке қарай, қазір «тосын» апаттардың салдарынан кітапхана үлкен шығынға ұшыраған. Материалдық қана емес, рухани да. Себебі бұл жағдай оқырмандардың азаюына да әкеліпті. Кітапханашылардың сөзіне сенсек, осыдан 9 жыл бұрын ғана жөндейден өткен кітапханадағы жиһаз-жабдықтар да қирауға шақ тұр. Ал жылдар бойы мезі еткен жылу мәселесі де биыл жекешелендіріліп шешілді делінгенімен, оның өзі мардымсыз. 2018 жылдың желтоқсанында жеткізілген жылу құбырлары техникалық талаптарға сай емес.

Ләззат Темірбаева, облыстық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана директорының орынбасары: «Кіре беріс жерден бастап су алды. Көлдеп кетті. «Авария» дейді ғой мұны. Ыстық су мынау еденнің бәрін көтеріп жіберді. Иісін өзгертті. Біздің оқырмандар зағип қой, кітапханаға кіргенде мұны байқамасын немесе сүрініп құлап қалмасын деп, желімдеп қойдық. Қолымыздан келгенін жасадық. Бірақ кітабымыз ысырап болды. Жылу жүйесі жарылды, одан қалса төбеден су ақты, сонымен барлығы 500 дана арнайы – брайль түріндегі кітап ысырап болып, жарамсыз ретінде жойылды. Анау жылу құбырларын сапалы жасамағаннан кейін ба әйтеуір, құбырларын да қалай болса-солай қоя салғаннан ба білмеймін, жарылып, су тасып, апат болып жатыр ғой. Ал жердегі кілемдердің алынғанына 10 жылдай болып қалды. Өзге де кітап сөрелеріне де сондай уақыт толды. Біз ескірген-қираған заттарды ескеріп, жөндеу жұмыстары жөніндегі талап-арызды мәдениет басқармасына жазып береміз. Бірақ жылдың соңында бәрін қысқартып тастады деген сөзді естиміз».

Таңданатыны сол – кітапханадағы осы және өзге де мәселелерге жауапты мекеме жауапкершіліктен жалтарған сияқты. Себебі, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының мамандары мәселеден бейхабармыз деп міз қақпады.

Қарлығаш Тубекова, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты тарихи-мәдени құнедылықтарды сақтау бөлімінің маманы: «Мен өзім бұл арнайы кітапханада соңғы рет өткен жылдың қарашасында болдым-ау деймін, онда да бір іс-шараға барғанбыз. Қайсысы екені есімде жоқ. Күрделі жөндеу жұмыстары қашан жүргенін нақты білмеймін. Оны қарап алуым керек, қағаздан көруім керек. Бізге жөндеу жөнінде «заявка» берген-бермегенін білмеймін. Ал негізі қаладағы 5 кітапханаға материалдық-техникалық базаға қаржы бөлінеді».

Бүгінде арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған облыстық кітапханада барлығы 155 034 бар. Оның 74 718-ін арнайы бедерленген яғни брайль түріндегі жинақтар құрайды екен. Бірақ елімізде емес, Ресейден тасымалданатын осы бедерлі құны қымбат туынды-жинақтардың саны әлі де азаюы, кітапқорының еселей кемуі мүмкін. Себебі жауапты басқарма өкілдері бұл мәдени ошаққа көңілдің қашан бөлініп, күрделі жөндеудің жүретінін нақ басып айта алмады.