«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы облыстық медициналық әлеуметтік сараптама департаментінің әдістеме және бақылау бөлімінің маманы Фарида Қожабаева:
— Мәліметтерге сүйенсек Ресейде 12 млн-ға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар бар екен. Қазақстанда олардың саны 600 мыңнан асып жығылады. Ал ОҚО-да 120 мыңның үстінде. Олар тексеруден қалай өтеді, қандай жәрдемақы беріледі? Жалпы Департаменттеріңіз қандай қызмет атқарады?
— 2005 жылы «ҚР Мүгедектерді қорғау туралы» заңы қабылданған. Осыған орай мүгедектерді оңалту бойынша бұйрық қабылданған. Медициналық әлеуметтік сараптама бөлімдері мүгедектердің денсаулығына байланысты, олардың тыныс тіршілігінің шектелуіне байланысты және әлеуметтік көмек қажеттігіне байланысты мүгедектік санатын белгілейді. Мұқтаждығына байланысты, медициналық көрсетілімдеріне байланысты оңалтудың жеке бағдарламасы ұсынылады. Оны іске асыратын қалада 4 бөлім бар, аудандарда 15 сараптама бөлімі жұмыс жасайды. Емдеу оңалту мекемелері емдеу шараларын жүргізіп 088 формасын толтырып, сараптамалық куәландыруға жібереді.
— Мәселен, жазатайым оқиға кезінде жарақат алса қайда хабарласуы керек?
— Ондай жағдайда мемлекеттік еңбек инспекциясы бар. Соларға хабар беріледі. Олар өздерінің талаптарына сәйкес зерттеу жасауы керек. Жарақат жағдайын тексеріп Н 1 актісін түзеді. Емдеу жасап, сараптама жүргізеді. Ал куәландыруға жіберу үшін кемінде 4 ай уақыт өтуі тиіс. Осы уақыт аралығында толыққанды емдік шаралар жүргізілуі тиіс. Ал одан нәтиже болмаса сараптамаға жібереді. Жағдайы түзелмеген жағдайда мүгедектік тағайындалады. Егер емдеу шараларынан кейін жағдайы түзелсе еңбек жарақаты парақшасын жауып, жұмысқа жібереді.
— Мүгедектік 1,2,3 топтарға бөлінеді. Бір топтан екінші топқа қалай ауыстырылады?
— Ия, осы үш топ және бала мүгедектігі бар. Денсаулық жағдайының өзгеруіне байланысты жағдайы жақсарған жағдайда бірінші топтан екінші топқа, одан жақсарса үшінші топқа ауыстырылады. Жағдайы нашарлаған жағдайда үшінші топтан бірінші топқа ауыстыру мәселесі қарастырылады. Ол әрине денсаулық жағдайына байланысты.