Мәселеңді маманмен шеш. Жаңа жылдан бері басталған жобаны, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы апта сайын жалғастырып келеді. Бұл жолы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, жастар саясаты басқармасы, еңбек инспекциясы және жер қатынастары басқармаларының мамандары тұрғындармен кездесті. Араларында жұмыс іздеп келгендер мен жерге қатысты мәселесін айта келгендер көп болды.
Мұндай жылы қабылдау бұрын-соңды болмаған. «Нұр Отан» партиясының өңірлік филиалы басшысының бірінші орынбасары келгендерді өзі қарсы алып, оларға қоғамдық қабылдаудың тәртібін түсіндірді.
Нұрмахан Жолдасов, «Нұр Отан» партиясының ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары: «Өңір басшысының тапсырмасы бойынша қабылдауды төрт басқарма басшысы жүргізеді. Әрбіріңіз кезегіңіз бойынша маманға келіп сұрақтарыңызға жауап ала аласыздар».
Нұржамал Тілеубергенова кәсіпкерлікпен айналасуға бекініпті. Алайда бұл жауапты істі неден бастауын білмей дал. Бүгінгі қабылдауда сала мамандарынан дәйекті жауап алатынына сенімді.
Забадам елдімекенінің тұрғыны Нығмет Әбдәлиев жерді пайдалану жөнінде қолданыстағы заңдар жайын сұрай келіпті. Қала іргесіндегі егістік жеріне қандай дақыл егіп, қалай субсидия алуға болатынын білді.
Қабылдауды жүргізген облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы өз кеңесін берді. Құжаттарын құнтаса, көмек беруге уәде етті.
Жастардың облыстағы жетекшісіне де келушілердің қарасы қалың болды. Руслан Гимадиев қабылдауға әжесімен келіпті. Жас жігіт жастар практикасы бойынша жұмысқа орналаспақ. Қабылдау барысында жас маманның мәселесі шешілді. Жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша Руслан үш айға жалақысы 51 мың теңгелік жұмысқа орналасатын болды. Егерде қабілеті мен жұмысқа ынтасы жұмыс берушінің көңілінен шықса тұрақты жұмыспен қамтылады.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бастамасымен қолға алынған жаңа форматтағы қоғамдық қабылдауда түрлі салаларға қатысты мәселелер қаралды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқарма, еңбек инспекциясы және жер қатынастарының басқармалары тұрғындармен жүзбе-жүз кездесті. Сала мамандары тұрғындарға жөн сілтеп, түйіткілдерді шешуге көмектесті.
Шынар Оразова