Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бөлу ұсынылды

1486

Оңтүстік Қазақстан облысында тағы үш аудан пайда болады. Депутаттар оңтайландыру барысында біріктірілген Мақтаарал мен Сарыағаш аудандарын 21 жылдан кейін бөлу бойынша тарихи шешім қабылдады. Алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс ХХ сессиясында депутаттар Мақтаарал ауданын үшке, Сарыағаш ауданын екіге бөлу ұсынысын қолдады.

Сессияға жиналған халық қалаулылары Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бөлу ұсынысын бірден қолдады. Жұмысшы топтың төрағасы баяндама жасап, мәлімет берді. Айтуынша, осыдан 21 жыл бұрын қаржы тапшылығы салдарынан Асықата, Келес, Мақтаарал, Сарыағаш, Жетісай аудандары біріктіріліп, екі аудан Мақтаарал және Сарыағаш болып бөлінген.

Мақтарал ауданы 1997 жылы бұрынғы Жетсіай, Асықата, Мақтаарал аудандарын біріктіру нәтижесінде құрылған болатын. Мақтаарал ауданы облыстағы халқы тығыз шоғырланған және демографиялық өсімі жоғары аудан болып есептелінеді. Халықтың саны 300 мыңнан асады. Аудан 182 елді мекен, 1 қала, 3 кент және 20 ауылдық округтен құралған.

Сарыағаш ауданына тоқталсақ, 1997 жылы бұрынғы Сарыағаш және Келес аудандарын біріктіру жолымен құрылған. Жалпы халықтың саны 323 мыңға жеткен. Өзбекстанмен шекаралас ауданда 154 елдімекен, бір бір қала кенттен және 23 ауылдық округтен құралған. Халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында екі ірі ауданды бөліп бұрынғы қалпына келтіру игі бастама дейді депутаттар.

Облыстық мәслихаттың депутаты Әбілқасым Досболов: «Аудандарды оңтайландыру сол кезде қажет болды. Қазір еліміз өркендеп келеді. Қаржы да бар», – дейді.

Оңтүстік Қазақстан облысынан жаңа аудандар құрып, қосымша штаттық бірліктер берілген жағдайда республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы да қомақты болмақ.
Депутаттар Мақтаарал ауданын үш ауданға, оның біріне бұрынғы атауы қалдырылса, жаңа аудандар Асық ата және Жетісай деп аталады деген ұсынысты бірден қолдады. Ал Сарыағаш ауданын екі ауданға Сарыағаш және Келес болып бөлуге келісімін берді.
Сессияда қабылданған шешім ономастика комитетіне жолданды. Ол жақта мақұлданса, ОҚО-дағы ең ірі екі ауданды бөлу туралы құжат Үкіметке жолданады.

Шынар Оразова