Мақтаралда ауған соғысы ардагерлеріне арналған «Даңқ аллеясы» ашылды

978

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданында ауған соғысы ардагерлеріне арналған «Даңқ аллеясы» ашылды.  Азаттық ауылынан орын тепкен аллеяның ашылу салтанатына жергілікті билік пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, ауған соғысының ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты, деп хабарлайды inform.kz.

Ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталған рәсімде мемлекеттік әнұран айтылып, бақилық болған батырларға бір минут үнсіздік жарияланды. Одан кейін аудан әкімі Ғалым Исмаилов сөз сөйлеп, жаңадан ашылған нысанның маңыздылығына тоқталды.  «Тақтада  Ауған соғысына барып, еліне қайтпай қалған батырларымыздың есімдері жазылған. Аллея жастарымызды патриоттыққа тәрбиелеп, ел игілігіне қызмет етуге өз септігін тигізеді деген сенімдеміз» – деді аудан басшысы.

5 гектар аумақты алып жатқан аллеяға Ауған соғысынан қалған БРДМ маркалы жауынгерлік барлау машинасы қойылған. Машинаның оқ тиген тесіктері сұрапыл соғысты еске түсіріп, бүгінгі бейбітшілігіміздің қадірін түсіндіріп-ақ тұр. Мыңнан аса түрлі көшеттер егілген аллеяға орындықтар қойылып, тұрғындардың рухани дем алуы үшін барлық жағдай жасалған.

«Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігін қайталаған бірден бір азаматтар – ауған соғысының ардагерлері. Қандай қиындық көрсе де мемлекетіміздің қалыптасуына олар өз үлестерін қосты. Ауыр азаптарды бастан кешірсе де олар елге деген махаббатын жойған емес. Қандай болғанда да жастығын жалау етіп «Елге қызмет етемін!» деп кетіп, азаматтақ борыштарын адал атқарды. Ащы болсын, тұщы болсын бұл – біздің тарихымыз! » – деді айтулы шарада  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл.

Депутат  сондай-ақ  Ауған соғысы ардагерлерінің атынан Бауыржан Момышұлының «Намыс» төсбелгісін аудан басшысы Ғалым Исмаиловқа тақты. Шара соңында тұрғындар ардагерлермен естелікке суретке түсіп, келген қонақтар әскери дала асханасынан дәм татты. Жергілікті өнерпаздардың концертін тамашалап, қазақтың ұлттық спорты – көкпарды қызықтады.