Несие алып беремін деп алдап соқты

643

Шымкент қаласында полицейлер бірнеше алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні ұстады. ІІБ Әл-Фараби ПБ-не оншақты қала тұрғындары бейтаныс әйелдің несие алып беруге көмектесемін деп қомақты ақшаларын алаяқтықпен алғаны туралы арызданған.

Әл-Фараби ПБ-нің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының барысында Қызылорда облысының тұрғынын ұстады. Қазіргі таңда полицейлер ұсталған күдіктінің алаяқтықтың 40-тан астам жайтына қатысы барын анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 20 миллион теңгеден астам болып отыр.

Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Әл-Фараби ауданының аумағында жыл басынан бері полиция қызметкерлерімен алаяқтықтың 50 жайты ашылып отыр, негізінде банктен несие әперу мен оқуға түсіру, сондай-ақ, жұмысқа тұрғызу сияқты алаяқтық жайттары жиі кездеседі.

ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы