ОҚО-дағы түлкібастық тұрғындардың 96 пайызы таза ауыз сумен қамтылған

547

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданы тұрғындарының 96,4 пайызы орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков халық алдындағы есепті кездесуінде мәлім етті.

Оның айтуынша, аудандағы 62 елді мекеннің 59-ы, яғни 107 мыңнан астам халық таза ауыз сумен қамтылған. Ал қалған үш елді мекенге ауыз су тасымалданып жеткізіледі. Себебі, бұл ауылдар шалғайда орналасып, халық аз шоғырланғандықтан экономикалық жағынан тиімсіз болып табылған.

Ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша жүйелі шаралар атқарылып, межеленген мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілгенін айтқан аудан басшысы жалпы өңірлік өнім өткен жылдың қорытындысымен 68,8 млрд. теңгені құрағанын атап өтті.

«Аудан көлеміндегі өнеркәсіп кәсіпорындары 22,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, осы сала бойынша барлық даму индикаторлары орындалды. Шағын және орта бизнесте 17 мың 200 адам жұмыс атқаруда, ал оларда аудан халқының 15 пайызы еңбек етеді. Бүгінде аудан бойынша белсенді кәсіпкерлік субъектілердің саны 6310 бірлікке жетіп, 7,3 пайызға өскен. Бұлармен өндірілген өнім көлемі 34,2 млрд. теңгені құраса, олармен төленген салық төлемдері 272,6 млн. теңгені құрап, 2,7 пайызға өскен», — деді Н.Тұрашбеков.

Есепті жиынға қатысқан облыс әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Тұрғымбеков шағын және орта кәсіпкерліктің қарқын алғанын және таулы аймақтың бау шаруашылығын дамытуға мүмкіндігі мол екенін атап өтті. Жалпы жиналған жұртшылық аудан әкімінің атқарған жұмысына оң бағасын берді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі